Күйіктің иісі шыға бастады
Көлік алғаныма екі ай ғана болды. Осы уақыттың ішінде өзім танымайтын көп жан маған көмектесіп үлгерді: бірі жол көрсетіп жібереді, екіншілері жол беріп жатады. Бірақ басымнан өткен мына оқиғаның жайы ерекше.
Жаңа жыл қарсаңындағы демалыс бітіп, ауылдан Алматыға қайту керек болды. Жоспар бойынша жолға ініммен бірге шығуымыз қажет еді. Бірақ бауырымда шұғыл жұмыс пайда болды да, ол Алматыға бара алмайтын айтты.
Ауыл мен қала арасы — 325 шақырым. Алыс сапарға жалғыз шығып көрмегем. Қыз баламын ғой… қорықтым. Коронавирусқа байланысты біздің ауданды карантинге жауып, блок-бекет қойып тастағандықтан, жолаушы да ала алмаймын. Ал маған сол күні түстен кейін жұмыста болу керек. Сондықтан амалсыз тәуекелге бел буып, жалғыз өзім қалаға бет алдым.
Жолға шыққаным сол еді, көлігімнің дөңгелегі жарылып қалды. Бір жүргізушілер тоқтап, қосалқы дөңгелегімді орнатып береді. Бірақ оның да кінәрәті бар екен: біраз уақыттан соң жыртылып, күйіктің иісі шыға бастады. Бірден жол шетіне тоқтадым.
Аяғым мен қолымды суықтан сезбей қалдым
Айдала. Байланыс жоқ. Ешкімге хабарласа алмаймын. Блок-бекеттен өткен көлік те аз. Ең жақын аялдама — Шелек. Ол да жарты сағаттай жолды алады.
Сыртқа шығып, сирек жүріп жатқан жүргізушілерден көмек сұрадым. Дала суық. Көлікпен жүрген соң жеңіл киініп алған едім. Тез тоңып қала беремін.
«Жанармайым бітіп, Шелекке жете алмай қаламын ба» деп, көлік жылытқышын да өшіріп қойғанмын.
Бірнеше адам тоқтап, не болғанын сұрап, көмектескісі келді. Бірақ бірінің қосалқы дөңгелегі менің машинама келмеді, екіншілерінің қол ұшын созар мүмкіндігі болмады. Көңіл-күйім түсіп кетті.
Екі сағат өтті. Бір жүргізушіге танысымның нөмерін жазып беріп, хабарласуды өтіндім. Бірақ ол адам хабарласа ма, жоқ па? Танысым айтқанды дұрыс түсіне ме? Қашан келеді? Бір Құдай біледі…Оған сенбей, қайта жолға шығып, көмек іздедім. Әбден тоңдым, аяғымды сезуден қалдым. Жылағым келді.
Түс болды. Жұмысқа кешіктім. Басшымның, клиенттерімнің іздеп жатқанын сезіп тұрмын. Ал мен Алматыдан екі жарым сағаттық жерде әлі жүрмін. Ашулана бастадым.
Үш сағаттан асты. Аяқтан бөлек қолды да сезбей қалдым. Кинода Антарктида немесе үлкен тоңазытқыштың ішінде қалып кеткен адамдар ұйықтап қалады ғой. Соны көргенде «Есі дұрыс па? Қалай ұйықтайды?» деп түсінбейтінмін. Бірақ басыңа іс түскенде біледі екенсің. Сөйлеуге де, отыруға да мұршам болмай, рульге қолым мен басымды қойып ұйықтап кетіппін.
Қайырымды адам жолықты
Терезені біреу тоқылдатты. Оянып кеттім. Бір ер адам «терезені аш» деп ымдап жатыр. Әйнекті түсіріп едім, «Неге ұйықтап отырсыз?» деді. Бірден артық дөңгелек сұрадым. Қуанышыма орай, көліктеріміздің маркасы ұқсас болып шықты. Бойыма қалай күш жиналғанын білмеймін — орнымнан атып тұрдым.
Ағайдың есімі Сәлім екен. Аяғы ауыр әйелімен жолға шығыпты. Сондай жақсы жандар. «Жылынып ала ғой» деп, мені көлігіне отырғызып қойды. Ал өзі дөңгелегімді ауыстыруға кірісіп кетті. Әйелі «қарның ашып қалған шығар» деп тамақ ұсынып жатты.
Жөндеп қойдым. Сіз бірінші жүріңіз, біз артыңыздан ерейік. Бірақ менің дөңгелегім ескі. Қатты сеніп қалмаңыз, — деді бір кезде қайырымды аға.
Сөйтіп, таңғы онда үйден шыққан мен кешкі алтыда әрең Алматыма жеттім. Бірден жұмысқа келіп, шаруаларыммен айналысып кеттім. Кейін екі күн тұрмай ауырып, жатып қалдым. Суық өтіпті.
Екі күннен соң бір кісі «Айгерім, қалайсыз? Даусыңызға не болды? Ауырып қалғансыз ба?» ,- деп хабарласты.
Жолда көмектескен Сәлім аға екен. Анау күні дөңгелек тапқаныма қуанғаным соншалық, қалай байланысу керектігін де сұрап алмаппын. Көлігімнің сыртында жазылып тұрған нөмірімді суретке түсіріп алып, өзі хабарласып тұр.
Ауырып қалғанымды білген соң «Жарайды, еш уайымдама. Емдел. Дөңгелекті кейін алармын» деді. Қаланың шетінде тұрады екен. Маған ол жаққа қатынау қиын екенін түсініп, дөңгелекті өзі алып кетті. Сәлім ағаның мейірім-қайырымын аяқсыз қалдырмай, жақсылығын соңына дейін көрсеткеніне тәнтімін.
Негізі позитивке толы адаммын. Өмірде жақсы адам көп екенін үнемі айтып жүремін. Таныстарыма тілек айтқанда да әрдайым «алдыңнан жақсы адамдар ғана жолықсын» дейтін едім. Содан болар, маған көмектескісі, сыйлық бергісі кеп тұратындарды жиі кездестіремін. Мұның бәрі санамда қалыптасқан ойға байланысты шығар.
Оның үстіне өмір — бумеранг. Жақсылық та, жамандық та қайтады. Мақтанғаным емес, кейінгі күндері мүгедектігі бар балаларға дәрі-дәрмек, сыйлық алып, қолғабыс көрсетіп жүр едім. Сол жақсылығымды Алла еселеп қайтарып жатқан сияқты.
Қазіргі заманда әркім өз тіршілігін жасайды. Біреулер «адамзат қатігез болып кетті» деп жатады. Бірақ осы оқиғадан соң жүрегімізде мейірім бар екеніне көзім жетті.
Айтарым, күліп жүрейік. Іспен болмаса да, жылы сөзбен бір-бірімізге қолдау көрсетейік.
Тағы да оқыңыз: “Шетелде көмек берген бейтаныс адамға алғысымыз шексіз”