Не болды?
Блогер Айша Сәдуақасова Астана әуежайында тексеруден өту кезінде құқығының бұзылғанын айтты. Әуежай қызметкері қосымша тексеру барысында көпшіліктің көзінше Айша Сәдуақасованың жейдесін шешпек болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Оқиға ұшар алдында қауіпсіздікті бақылау аймағында болған. Химар киген блогер барлық затын тексеру жолағына қойып, металл іздегіш құрылғыдан өткен. Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, құрылғы ешқандай белгі бермесе де, инспектор үстіндегі жейдесін шешуді талап еткен.
Блогердің айтуынша, инспектор тексеруді жалпы залда, өзге жолаушының көзінше жүргізген. Әйел адамның жанында ерлер де болған.
Қызметкерге үш рет жейдемнің астында ештеңе жоқ екенін ескерттім. Кейін басқа сканерден өтуді сұрады. Тексеру аяқталған соң кетпек болғанымда, мені тоқтатып, қолмен тексеруге кірісті де, жейдемді жоғары көтеріп жіберді. Адам көп жиылған жер еді, Ал қызметкер бұл менің жұмысым, деп қысқа қайырды, – дейді Айша Сәдуақасова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әуежай әкімшілігі қатесін мойындаған
Оқиғадан кейін Айша Сәдуақасова әуежай әкімшілігін шақыруды талап еткен. Басшылық қызметкердің әрекеті дұрыс болмағанын мойындап, кешірім сұраған. Сонымен қатар блогер тексеру жүргізген инспектордың бейнетіркегіші болмағанын айтты.
Ешкім қоғамдық жерде, тексеру кезінде сізден орамал немесе киіміңізді шешуді талап ете алмайды. Егер қосымша тексеру қажет болса, жеке бөлмеге өтуді сұрап, құқығыңыздың сақталуын талап етіңіз, – деп жазды блогер әлеуметтік желіде.
Қазір блогер заңгерлермен бірге әуежайдағы тексеру тәртібін, қызметтік нұсқаулықты қарап жатыр. Сотқа дейінгі талап-арыз әзірленіп, қажет құжаттар жиналып жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған жолаушының шағымына байланысты тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеу мақсатында қажет жұмыстар жүріп жатыр, – деп мәлімдеді әуежай өкілдері.
Контекст
Естеріңізге салайық, Астана әкімдігі жаңа әуежай салу үшін инвесторлар іздеп жатыр.
