Бұл оқиға студент кезімде болды. Құрбым екеуіміз 2-курста академиялық студент алмасу бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласына жарты жылға оқуға барамыз деп шештік. Онда барардан бұрын сол жақтағы оқытушылармен оқуға шақырту, оқу ақысы, жатақхана жайында келісіп алдық, бірақ Кореяға олар шақырғаннан 3 күн бұрын баратын болдық.

Сіздер ерте келе жатырсыздар. Жатақханаға кіргізбейді. Қонақүйге уақытша орналастырамыз, — деді университет менеджері.

Сол кезде құрбым екеуіміз қорқа бастадық. «Ол қандай қонақүй, онда 3 күн не істейміз?» деген ой мазалады. Содан Кореяға ұшып келдік. Әуежайдан шыққан соң таксиге міндік. Жүргізуші ағылшынша түсінбейді екен. Біз корей тілін білмейміз. Университетке баруымыз керек екенін әрең түсіндірдік. Ол жерге жеткен соң бізді күтіп алуы керек болған менеджерді таппай қиналдық. Қазақстанның байланыс нөмірімен жүргендіктен интернет істемей, менеджермен хабарласа алмай, біраз дал болдық. Кенет такси жүргізушісі көлігін тоқтатып, көшедегі бейтаныс адамнан бірдеңе сұрай бастады. Сонда әлгі көшедегі кісі бізге қарап, сөйлей бастады.

Балжан, мына кісі «қытайлықсыңдар ма?» деп сұрап жатыр. Қытай азаматы екен. Жақсы болды ғой, — деді қытай тілін білетін құрбым.

Ол кісіге бірден менеджердің жазған хатын көрсетіп, мән-жайды түсіндірдік. Соңында сол бейтаныс адамның арқасында менеджермен кездестік. Бір қызығы — ол кісі менеджермен 5-10 минуттай сөйлесіп тұрды.

Қыздар, мен бәрін шешіп қойдым. Уайымдамаңыздар. Сіздер ешқандай қонақүйге бармайсыздар. Бүгіннен бастап жатақханаға орналасасыздар. Сіздерден 3 күн үшін ақы алмайды, — деді әлгі адам.

Кореяға келген алғашқы күннен бастап бізге осындай жақсы адам жолыққанына қатты қуандық. Құрбым екеуіміз ол кісіні әлі күнге дейін есімізге алып тұрамыз. Біздің елдің адамдары қытай азаматтарын ұната бермейді, бірақ адамның жақсы-жаман болуы оның ұлтына байланысты емес екенін айтқым келеді. «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деген сөз рас екен. Шетелде көмек берген қытай азаматына алғысымыз шексіз.

Тағы оқыңыз: Вокзалда сөмкесін бейтаныс адамға беріп кеткен қыздың хикаясы