Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

ҰБТ-2026: ереже бұзған 391 талапкер анықталды

Фото: Тurkystan.kz

Не болды?

10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-ны талапкерлер шамамен 187 мың рет тапсырды. Министрлік тестілеуге қатысты аралық қорытындыны жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Ресми дерекке қарағанда, тестілеуге қатысушылардың 73%-ы қазақ тілін таңдаса, 27%-ы орыс тілінде, ал 323 адам ағылшын тілінде емтихан тапсырған.

Төрт аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа нәтиже 64 балл болды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Бұл нәтижеге Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жетті.

Сонымен қатар биыл ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 556 талапкер қатысқан.

Тест тапсырушы апелляцияны емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Техникалық ақауларға байланысты өтініш пен шағым тестілеу кезінде қабылданады.

Министрлік ҰБТ кезінде 391 заңсыз әрекет тіркелгенін растады. Оның ішінде 246 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, нұсқаулық секілді тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеді. Тағы 145 адамның нәтижесі аудиторияда ереже бұзғаны үшін жойылды. Биыл тестілеу барысында басқа адамның орнына кіру дерегі тіркелмеді.

ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар тексеріледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережені бұзу фактілері анықталса, талапкердің нәтижесі жойылады.

Контекст

Естеріңізге салайық, енді түлектер ҰБТ балы арқылы Малайзияға оқуға түсе алады.