Қазақстанның астығы мен еті қай елдерге экспортталады

“Біз 2021 жылға дейін сиыр еті көлемін арттыра отырып, келесі жылы ЕАЭО елдеріне – 30 мың тонна, Қытайға – 40 мың тонна іріқара етін бағыттамақпыз. Астық сынды сұранысы жоғары тауарларды ЕАЭО елдеріне – 479 мың тонна, ТМД мемлекеттеріне – 2,5 млн. тонна, Қытайға – 1 миллион тонна, Ауғанстанға – 86 мың тонна, Иранға – 900 мың тонна және өзге де елдерге – 370 мың тонна экспортталады деп күтілуде”, – деп атап өтті бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Айта кетейік, Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттау орталығы құрылады. Орталықтың міндетіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сервистік және қаржылық қолдау мен оларға арналған экспорттық арналар енетін болады. Орталық сатып алушыларды іздеу, өнімді жеткізу бойынша сауда желілерімен келісімшарт жасаумен айналысады.

Бұдан басқа, орталық экспорттық арналар ашу мақсатында тауарлар топтамасын қалыптастыру үшін өнімді сатып алуды жүзеге асыруы мүмкін. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттау орталығы саудалық қаржыландыру, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, ілгерілету мен логистикаға арналған экспорттық гранттарды ұсынатын болады.

ДереккөзNaryk.kz