Партия атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Е.Манжуов, Ү.Мамикова мен Е.Дүйсенқұл Ойтал ауылының тұрғыны Жұматаев Мұраттың үйінде «Есіктен есікке» акциясы аясында үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп, өз таңдауын жасауға шақырды.
Мұрат Жұматаев Ойтал ауылының құрметті ақсақалы, жастарға өзінің ақыл-кеңесін айтып, ауылдықтардың басын біріктіріп, ынтымағын нығайтып отырған азаматтардың бірі. Қонаққа келген кандидаттармен танысып, Nur Otan партиясы ұсынған жобаларын тыңдаған Мұрат қария ауданның соңғы жылдары жағдайы көп ілгері басқанын айтты.
Партияның бағдарламалары аясында ауданда көшелер жөнделді, ауылдың төрт көшесіне асфальт төселді. Көгілдір отын бар.
Мемлекет халық үшін барлық қолайлы жағдай жасап жатыр. Ризамыз. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек биыл көп тірлік жасады. Ауданымыз өсіп-өркендеп келеді. Әкімнің қорытынды есептеріне барып тұрамын. Биыл да барамын. Атқарылған жұмыстарды тыңдап емес, өз көзімізбен көріп жүрміз. Биыл 147 көше жөнделді. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл бойы мұндай болған емес. Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Біздің №12 Қ.Сарымолдаев атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Айта берсек, ауданда атқарылған жұмыс көп. Шүкір деп, ақырындап шаруамызды жасап жүрміз. Ең бастысы елімізде тыныштық, ынтымақ,береке бар. Қалған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр ғой, — деді ауыл қариясы.
Бұдан соң үгіт-насихат жасаушы топ Ойтал ауылының тұрғыны, зейнеткер Қонақбаев Таубай ақсақалдың үйінде болды. Қария қазақы қонақжайлық танытып, Ойталдың бренді қымызын ұсынды. Ауылдың жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі туралы кеңінен баяндады. Үміткерлердің қарияның үйінің алдында тұрғанын көрген көрші қолаң да осы топқа келіп қосылды. Олар орталық көшенің жарықтандырып беру туралы сөз қозғады. Кездесуде болған ауылдық округ әкімі Сәбит Бабижанов бұл мәселе жақын арада шешім табатынын айтты.
Сонымен қатар жиналған қауым облыс көлемінде жүріп жатқан пилоттық жобаға Ойтал ауылы енсе деген ниеттерін білдірді.
Ескерту: Nur Otan партиясы Меркі аудандық сайлау қорының қаражатынан төленді.