Батыс Қазақстан облысында «Есіктен есікке» акциясы жалғасып жатыр

Кандидаттар тұрғындардың мәселесін ескеріп, мінбелерде көтеруге уәде етті.

Мемлекет басшысының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын тыңдап риза болдым. Қалалармен, кенттермен қоса ауылдық жерлерге де ерекше көңіл бөлетінін айта келіп, «Өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсарту басты назарымызда болады. Жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес, 3,5 мыңнан астам ауыл жаңартылады» деген еді. Сонымен қатар «Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңартылуы керек» деп айтқан болатын. Елбасымыз, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы ел Тәуелсіздігіне 16 жыл толуына орай 360 орындық №3 қазақ мектебін салып беріп, Жаңақала ауданына игілікті іс атқарған еді. Балаларға білім алуға жағдай жасап берген Елбасымызға мектеп басшысы ретінде ұжым атынан алғыс білдіремін. Тұңғыш Президентіміз салған сара жол мен сарабдал саясат одан сайын жанданып жатқаны бізді қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасында «Еліміз бәсекеге қабілетті болуы үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апатты және үш аусыммен оқытатын мектептердің мәселесін шешеміз» деп нүкте қойған еді. Бұл мәселелер толықтай атқарылатынына сенемін және партияның мүмкіншілігі мол екендігін айтқым келеді. Сайлауда біріншіге лайық — Nur Otan партиясы деп ойлаймын. Сіз де өз таңдауыңызды жасаңыз!» — деді облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Алихан Досмұхамбетов.

Партияға күні кеше мүше болған жас белсенді Алтынбек Ермекқалиев аудан көлеміндегі мәселелерді көтеріп жүргенін және оған халық куә екенін айтты.

Есіктен есікке акциясы
Фото: Nur Otan партиясының баспасөз қызметі

Дәл қазіргі мақсатым — аудан жұртшылығына пайдам тисе деген ниет. Әр адам туған жеріне жаны ашып, елі үшін аянбай еңбек етсе, Отан алдындағы, мемлекет алдындағы борышының өтелгенінің бір көрінісі дер едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Біздің мойнымызда Қазақстанның қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік жатыр. Халықтың тағдыры партияның белсенді мүшесі мен оның стратегиясын қолдайтын шынайы патриоттардың қолында» деген еді. Біз жас болсақ та, азаматтық көзқарасымызды айта алатын тұлғалығымызды тұғырда көрсетпегенде қай жерде көрсетпекпіз?! Ауыл төңірегіндегі шешімі таппаған мәселелер мен тұтас ұлттық деңгейдегі жайлардан да айналып өткім келмейді. Сол үшін нар тәуекелге бел буып, партия қатарын толықтырдым. Енді нақты іске көшетін кез келді. Сол үшін бәріміз берік бірлікте болайық, — деді Алтынбек Ермекқалиев.

Кандидаттар Nur Otan партиясымен бірге болуға, қолдауға шақырды. Үміткерлерді тыңдаған тұрғындар ұсыныс-тілектерін айтып, кандидаттарға ақ тілектерін арнап, сәттілік тіледі.

Ескерту: Материалдың ақысы Nur Otan партиясы Жаңақала аудандық штабының сайлау қорынан төленді.