Басты бетҚоғамЖазушы Жабал...

Жазушы Жабал Ерғалиев Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырды

Қазір Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың депутаты болатын үмікерлер есімі белгілі. Сайлауалды үгіт жұмыстары басталып та кетті. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс өткен 20 съезінде елге салиқалы сөзін айтты. Тәуелсіз елдің әр даму қадамы көз алдында өткен Елбасы бүгінгі ел жетістіктері өз бетімен келе салмағанын орынды айтты. Тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың аңсарлы арманы болса, сол тәуелсіздікті бүгінгі ұрпақ жоғары бағалауға тиісті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Барымыз да, бағымыз да — Тәуелсіздік» дегенді айтқан болатын. Бұл — ұлы сөз! Қолымыздағы осы бағымыз бен барымыздың қадіріне жетейік! Ел тәуелсіздігі нық болсын десек, алдағы сайлауды ойдағыдай өткізуге міндеттіміз! Қазір не көп, ұраншыл топ көп! Қазір не көп Nur Otan-ға күл шашып, партияларын аспандата мақтап жатқандардың үні шыға бастады! Апыр-ай, солар осы сайлауға дейін қайда болған, қайда жүрген?

Халық бір партияны ғана, Nur Otan-ды ғана біледі десем, артық айтқаным болмас! Nur Otan шынайы халық партиясы айналғаны да қашан! Жәбір көргендер де, тұрмыстан зәрушілік көргендер де, ауыра-сырқағандар да көмек сұрап, кейде әділдік іздеп те осы Nur Otan-ға келетінін де кім жоққа шығара алар? Партияның есігі халық үшін күні-түні бір жабылмайтынын да білеміз, көріп те жүрміз!

Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында әлемді сүйсіндірген табыстарға ие болса, сол абыройлы табыстардың барлығы да Nur Otan партиясының басшылығымен келген табыстар еді.

Алдағы сайлауалды бағдарламасында Nur Otan партиясы нақтылы міндеттер белгіледі. Сол міндеттердің барлығын да халықтың өздері айтып, өздері белгіледі! Халықтың сол бағдарламасын съезд мақұлдап, оларды жүзеге асырудың нақтылы жолдары белгіленіп, қажет қаржы жайы да шешілді. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы жасаған баяндамасында орнықты айтты.

Осы партиялық бағдарлама баршамыздың көңілімізден шықты және елдің болашағына деген сенімімізді нығайтты. Әрине, адам болғанннан кейін әркімнің өз пікірі, көзқарасы бар. Сол әр адамның өз проблемалары да бар. Қоғамда кемшілік те жоқ емес! Кемшілік кез келген мемлекетте бар. Партия оны білмей отырған жоқ, әбден біледі. Алаңдатып отырған сол кемшіліктерді бірге жеңуге шақыра отырып, партия қиындықты еңсеруге сенімді әрі нық қадам жасады.

Еліміздің тәуелсіздігі, бүгініміз бен болашағымыз бәрінен де қымбат! Қазақ елінің тыныштығы бұзылмасын! Елден бірлік кетпесін! Алдағы сайлауда бәріміз болып, қазақ елін одан әрі дамыта да, осы заманның талабына сай өркендете де алатын партия Nur Otan-ға дауыс берейік! Бұл — еліміздің тұрақты дамуының кепілі.

Жабал Ерғалиев

Қоғам қайраткері, жазушы-драматург

Ескерту: Nur Otan партиясының Ақмола олысы Сайлау қорының қаражатынан төленді.