Сыйлық тізімін жазу

Қаржыгердің айтуынша, жаңажылдық сыйлық тізімін үшке бөліп жазып шығу керек. Бірінші категорияға сыйлық бергіңіз келген ең жақын адамдарды, екінші қатарға ағайын-туысты, үшінші бөлікке әріптестер, таныстар және, мысалы, мектеп мұғалімдерін жазуға болады. Содан кейін әрқайсына максимум қанша ақша жұмсай алатыныңызды көрсету қажет. Соңында барлығын қосып, жалпы сома қанша болатынын анықтай аласыз.

Мұндай тізімді алдын-ала дайындап алған адам қанша шығындалайын деп тұрғанын бірден біледі. Бұл тәсіл сыйлықты тақалғанда жолдан ала салудың, орынсыз ақша жұмсаудың алдын алады. Мысалы, балаңыздың мұғаліміне жолай алған қымбат ыдыс-аяқ емес, жақсы шоколад та жарайтын шығар.

Жаңажылдық дастархан

Ең әуелі былтырғы жаңажылдық кешті еске түсіріңіз. Сол кезде қандай тағам желінбей қалды? Қай салатты қоқысқа тастауға мәжбүр болдыңыз? Үйде егде жастағы немесе созылмалы ауруы бар диетадағы адам болса, оның да рационын ескеріңіз. Бәрі бірдей дәм тата алатын тағамды дайындаған тиімдірек.

Мереке қарсаңында супермаркетке арнайы тізіммен бару керек. Дүкеннен ең керегін алуға тырысыңыз. Түрлі тауарды көріп, «Биыл мынадай да салат дайындай салайыншы, бәріне ұнайтын шығар?» деп, артық азық-түлік алудың қажеті шамалы. 31 желтоқсанда сол ойлаған салатыңызды істеуге үлгермей қалуыңыз да мүмкін. Сосын ол тауар босқа тұрып, жарамды болмай қалады. Ең негізгі ескеретін жайт: азық-түлік алуға балалармен бармау керек.

Шопинг және науқан

Дүкен мен базар үшін Жаңа жыл мерекесі — қоймада қалып қойған тауарды өткізіп, көп табыс табудың таптырмас жолы. Мереке қарсаңындағы көңіл-күй мен түрлі науқан әр адамды жолдан оңай тайдыруы мүмкін. Сонда да барынша ұстамды болыңыз.

Шопинг жасағыңыз келсе, жоспарлаған немесе бұрыннан қалап жүрген бұйымды ғана сатып алыңыз. Онша қажет болмай тұрған, мүлдем жоспарда жоқ тауарды жеңілдігі үшін ғана сатып алудың керегі жоқ. Тіпті техника дүкендеріне кірмеуді ұсынар едім. Есесіне қаражат қалтада қалады.

Корпоратив және балалардың жаңажылдық кеші

Мерекелік кешке сәнді киім керек. Қыз-келіншектер салонға барып, шашы бен бетін әрлейтіні тағы бар. Мұның бәріне әжептәуір қаражат кетеді. Сондықтан өзіңізге ең жақын ұжымның корпоративіне немесе мерекелік бағдарламасы ерекше бір ғана кешке барыңыз.

Балаларға арнайы костюм қажет болса, туыстар мен достардан сұрауға болады. Әдетте балалар костюмді тек бір рет киіп, кейін ол шақ болмай, босқа тұрады.

Түйін

Қаржыға қатысты кез келген жетістік жоспар мен қадағалаусыз жүзеге аспайды. Әйтпесе, картадағы қаражат біткенше жұмсау тоқтамайды. Ақша да жаратылғанды жақсы көреді, бірақ есепті де ұнатады. Қайтадан қарызға кірмеу үшін оны үнемдеп жұмсаған абзал. Қаражатты алдын ала жинап, шығынды азайту жолын қарастыра жүрген де жөн.

Тағы оқыңыз: Жаңа жыл мерекесінің қоршаған ортаға зиянын қалай азайту керек?