Президент 2 азаматты «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен наградтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі адамды мемлекеттік наградамен марапаттау туралы жарлық шығарды.

Тиісті құжат Ақорданың сайтында жарияланды.

Қазақстан Республикасын экономикалық дамытудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін: жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын, — делінген жарлықта.

Президент жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинге, Екібастұздағы «Еуроазия энергетикалық корпорациясы» АҚ «Восточный» кенішінің машинисі Мұрат Қайыргелдинге берілді.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 12 желтоқсанда бұл атақты Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваға берген еді. Артист награданы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі мен ән өнерін насихаттаудағы еңбегі үшін алды.