Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов сотталды

Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа үкім шықты. Сот шешіміне сәйкес, Қуанышбек Ысқақов жазасын түрмеде өтеуге тиіс.

Қуанышбек Ысқақовтың үкімі №2 Қызылорда сотында жария етілді. Сот Қуанышбек Ысқақовты 7 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтеуі керек. Сонымен қатар экс-әкім мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырды.

Бұған дейін прокурор Қызылорда облысының бұрынғы әкімін 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Мемлекеттік айыптаушы Қуанышбек Ысқақовты «аса ірі көлемдегі алаяқтық» үшін кінәлі деп тануды сұрады.

Еске салайық, Қуанышбек Ысқақов 2020 жылдың наурыз айының соңынан бастап үйде қамауда. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша күдікке ілінді.