Қарақат Башанова «Балалар «Евровидениесінде» екінші орын иеленді

Польша астанасы Варшавада өткен Junior Eurovision-2020 ән байқауы аяқталды.

Қарақат Башанова 12 қатысушының ішінде екінші болып өнер көрсетті. Ол 12 елдің кәсіби қазыларының дауыс беруі нәтижесінде 83 ұпаймен екінші орында тұрды, онлайн дауыс беруден соң ұпайы 69-ға көбейді, бірақ 152 балмен екінші орында қалды. Өйткені Франция қатысушысы қазылар бойынша да, көрермен дауысы бойынша да бірінші орынды иеленді.

 

Қазылардан Қазақстан вокалисіне ең жоғары ұпай — 12 балды Грузия және Ресей берді. Ал Сербия, Беларусь және Мальта қазыларынан Қарақат 10 ұпай иеленді.

Бірінші орынды J’imagine деген ән орындаған Франция өнерпазы Валентина 200 ұпаймен жеңіп алды. Үшінші орынды Palante әнімен Испания әншісі Солеа алды, оның ұпайы — 133.

Қарақат Башанова

Қарақат Башанова қазақ және ағылшын тілдерінде жазылған Forever әнін орындады.  Әнші шығарманы марқұм әкесіне арнаған.

Биыл балалардың халықаралық ән байқауы коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан, телекөпір арқылы өтті.

Еске салайық, Қазақстан Junior Eurovision байқауына үшінші рет қатысты. 2018 жылы Минскіде еліміз дебютант болған байқауда Данэлия Төлешова бақ сынап, 171 ұпаймен 6-орынды иеленген еді. Ол жанкүйерлердің ең көп дауысына ие болған үш сайыскердің бірі болды.

2019 жылы Польшаның Гливицесінде өткен Junior Eurovision-2019 халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсеткен 12 жастағы Ержан Максим «Арманыңнан қалма!» әнімен екінші орынға ие болды. Ол байқауда кәсіби қазылардың 148 және көрерменнің 79 дауысын иеленіп, жалпы 227 ұпай жинады.