Данияр Елеусінов 2016 жылдың ең үздік боксшысы атанды

Қазақстандық бокс федерациясының ақпаратына сүйенсек, «Үздік боксшы» аталымында марапат Рио Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусіновке берілді. «Ең үздік әйел-боксшы» ретінде Назым Қызайбай танылды. Ол биыл әлемнің екі дүркін чемпионы болды.

Жуырда ғана Санкт-Петерборда бокстан жастар арасында өткен әлем біріншілігінде «алтын» олжалап қайтқан Садриддин Ахмедов «Ең үздік жас боксшы» атанды. Ал 2016 жылдың «Ең үздік бапкері» Данияр Елеусіновтың жеке жаттықтырушысы Марат Елеусінов болды. Жастардың ең үздік бапкері – ұлттық құраманың аға тәлімгері Ғалым Кенжебаев атанды.

«Үздік төреші» номинациясында Рио Олимпиадасына қатысқан Наталья Цойдың еңбегі атап өтілді. Қазақстан чемпионатын ұйымдастырған павлодарлық федерация «Ең үздік облыстық федерация» аталды. Ал Қазақстандық бокс федерациясының ең үздік ақпараттық демеушісі Kazsport арнасы болды. Сондай-ақ боксты дамытуға және спорттың осы түріне қолдау білдіргені үшін ардагерлер – меценат Мүслім Дайырбековке, КСРО еңбек сіңірген бапкері Борис Цхвирашвилиге және Аманбай Әжібаевқа сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді.