Басты бетЖаңалықтарГүлшара Әбдіқалықова...

Гүлшара Әбдіқалықова ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинвалмен кездесті

Кездесуде кеңесші-дәрігер Омар Салех және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық және қоршаған ортаны қорғау саласының сарапшысы, дәрігер Осама Магер қатысып, қоршаған орта мен экологияның адам өміріне әсер ететін факторлары туралы ой бөлісті.

Аймақ басшысы тәжірибесін бөлісуге келген мәртебелі меймандарға бірлескен жұмыстар үшін алғысын айтып, өңірде вирус індетінен сақтануға қарсы жұмыстар мен дайындық барысын сөз етті.

Кэролайн Кларинвал
Фото: Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Дәл қазіргідей күрделі өтпелі шақта әрбір адамның денсаулығы аса маңызды. Мұндай кездесудің берері мол. Себебі қазіргі жағдайда ең өткір проблемаларды анықтап, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруда күш біріктіру арқылы ғана біз мақсатымызға қол жеткізе аламыз. Сіздердің Арал өңіріндегі проблемаларын зерттеуге ынталарыңыз және халық денсаулығын сақтауға арналған кешенді жұмыстарыңыз біз үшін қажет. Пандемияның болжамды екінші толқыны кезінде біз медицинаның дайындығын күшейтіп, жаңа аурухана салып, қажетті медициналық препараттардың мол қорын жасаудамыз, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қабылдау барысында Елдік кеңсесінің жетекшісі, медицина докторы Кэролайн Кларинвал қоршаған ортадағы экологияның адам ағзасына әсерін зерттеу арқылы медицинадағы бірақатар проблеманы шешуге болатынын айтты. Ал дәрігер Омар Салех Арал теңізінің экологияға тигізер әсерін зерделеу керектігін қаперге салып, бұл іргелі ізденістерді қажет ететінін тілге тиек етті.

Омар Салех
Фото: Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Медицина маманы, қоршаған ортаны қорғау саласының сарапшысы Осама Магер қоршаған ортаның ластануы тыныс алу, аллергия және онкологиялық аурулардың  жиі көтерілуіне алып келетінін назарға салды. Бұл ретте әр өңірдің ерекшелігіне қарай жұмыс жүргізу керегін айтты.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы жұмыс сапарымен келген білікті медицина мамандарына еңбегін атап өтіп, ортақ мәселелерді шешудегі ықпалдастығы үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері 3 күн сапары аясында арнайы дөңгелек үстелге қатысып, өңірдің емдеу мекемелеріне барып, медициналық ахуалымен танысады. Сонымен бірге кіші Аралға сапар жасайды.