Басты бетҚоғамҚызылорда облысында...

Қызылорда облысында «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттары марапатталды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсімі елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сол ықыласты құрметтің жалғасы ретіндегі биылғы «Жомарт жүрек» сыйлығының марапаттау рәсімі — осындай қиын-қыстау уақытта халыққа қызметте алдыңғы лекке табан тіреген шын жомарттарды марапаттауымен ерекшеленді.

«Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттау рәсімінің мақсаты — қоғамдағы әлеуметтік маңызды істерге белсенді азаматтарды тарту, туған өлкенің дамуына өз үлесін қосатын бастамашыл, іскер жандарды халық арасында дәріптеу. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру.

Марапаттауды өткізудің өзіндік тәртібі, ережесі бекітілген. Осы ережеге сай өңірде алдымен құттықтау рәсімінің аудандық, қалалық кезеңдері өтті. Аудандық, қалалық кезеңнен үздік деп танылған 38 үміткер байқаудың облыстық кезеңіне өтті. Үміткерлер арасынан облыстық кезең жеңімпаздарын анықтау мақсатында құрылған облыстық комиссияның шешімімен 5 номинация иегері анықталды.

Қоғам белсенділері мен әртүрлі сала өкілінен құралған облыстық комиссия шешімімен аталмыш марапаттың «Жыл меценаты» номинациясымен «Жаңажол ЖШС» директоры Төлепов Орынбасар, «Туған өлке» номинациясымен «Сәт-Сервис» ЖШС директоры, белгілі құрылысшы Иманова Роза Сәдібекқызы, «Жыл тұлғасы» номинациясымен жеке кәсіпкер, «Мейірім» қайырымдылық клубының, «Дәстүр» қолөнершілер одағының төрайымы, Қызылорда іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Мархаббат Асанова «Ерен еріктілік» номинациясымен қоғам белсендісі, Сыр волонтеры Эшатова Динара Мамадиярқызы, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Ел-Арай» қоғамдық қоры марапатталды.

Марапат иелеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды.