Ақша қалай ұрланады?
Алаяқтар мынадай схемамен жұмыс істейді. Қолданушы Olx.kz сайтына әлдебір дүниені сатамын деп хабарландыру береді. Әдетте хабарландыру иесіне сол бұйымға қызыққан адам хат жазып жібереді немесе қоңырау шалады. Сондай клиенттің бірі алаяқ болуы мүмкін. Ол сатушыға хабарласып, затты кез келген бағаға сатып алуға дайын екенін айтады. Тіпті көрмей жатып ақшасын төлейтінін жеткізеді. Алдын-ала аванс ұсынып, алып кетуге такси қызметін пайдаланамын деуі де мүмкін. Сонымен бірге басқа қалада екенін айтып сылтауратады.
Ақыры ақша төлеуге келгенде мынадай қулыққа барады. Әуелі ол хабарлама иесіне ақшасын Olx арқылы төлейтінін айтады. Сосын артынша чат арқылы бір сілтеме жібереді. «Осыған кіріп, төлемге келісім беру керек» дейді. Ал бұл сайтқа кірген адам картадағы ақшасынан айрылуы әбден мүмкін.
Есте сақтау керек ең басты ақпаратты айтайық: Olx-те төлем жасайтын қызмет жоқ. Алаяқтар адамдарға Olx-ке ұқсас сайтты жібереді. Сайт сатушыдан банк картасының нөмірі, CVC нөмірі, PIN-код және тағы басқа деректі енгізуді сұрайды. Қолданушы бұл мәліметті көрсете алмаса, ұрлықшылар банк картасын фотоға түсіріп жіберуді талап етеді. Карта жайлы дерек қолына түскен соң алаяқтар шоттағы ақшаны аударып ала қояды.
Жалпы, пандемия кезінде интернет, телефон арқылы ұрлық жасайтын алаяқтартың көбейгенін мамандар да айтып жүр. Сондықтан кез келген тауарды сатып алу-сатуда абай болған жөн.
Olx.kz сайтының өкілдері мұндай алаяқтарға байланысты ресми түрде алдын алу шаралары туралы жазды.
Барлық клиенттен өте сақ болуды және жіберілген сілтемелерді ашпауды сұраймыз. Күмәнді сілтемелер арқылы жеке ақпараттарды енгізу талап етіледі, осылайша алаяқтар ақша жымқыруға тырысады. Ең болмағанда сайттың атауын, адресін көріп, доменнің дұрыс жазылғанына мән беріңіз. Дұрысы былай: сайт сілтемесі — olx.kz, сайттың мобайл сілтемесі — m.olx.kz, бизнес парақша атауы name.olx.kz деп келеді, — делінген сайттың пайдаланушыларды қолдау орталығында.
Алаяққа ұрынған адам не істеуі керек?
- Полиция бөлімшесіне барып, болған жайтты бүге-шүгесіне дейін сипаттап, арыз жазу керек. Сонда адам жәбірленуші ретінде құқығының қорғалуына мүмкіндік алады. Жазылған арыз 24 сағатта сотқа дейінгі тергеу тізіміне енеді.
- Olx.kz сайтының әкімдігіне хабарласып, ұқсас сайттың сілтемесін және басқа да ақпаратты айту керек. Бұл күмәнді сайттардың бұғатталып, алаяқтардың жұмысына кедергі болу үшін қажет.
- Банкке хабарласып, картаны және ондағы ақпаратты қалай сақтауға болатыны туралы кеңес сұрауға болады. Қажет болған жағдайда картаны бұғаттау керек.
Онлайн сату-сатып алуды қауіпсіз ететін 5 ереже
- Хабарландыруды асықпай, жақсылап оқыңыз. Тауар тым арзан көрінсе және негізгі тауарға тағы қосымша заттар ұсынса, абай болыңыз. Хабарландырудың қатесіз жазылғанына да мән беріңіз. Егер сөйлемде көзге көрінетіндей кате болса, онда ол автомат түрде аударылған текст болуы мүмкін. Осы мәселе чатта сөйлесуге де қатысты. Әдетте алаяқтар тым жақсы ұсыныстарды айту арқылы алдайды.
- Байланыс нөміріңізді кез келген адамға бермеңіз және сайттағы чатта сөйлесіңіз.
- Бұйымды сатып алмай тұрып төлем жасаудан және оны басқа елден, қаладан алдырудан аулақ болыңыз. Егер алдын-ала төлеу қажет болып, жеткізу қызметіне жүгінуге мәжбүр болсаңыз, бәрін тексеріңіз. Адамның сенімді екеніне көз жеткізіңіз.
- Пандемияға байланысты тауарды жеткізу қызметіне жүгінген дұрыс. Көп адаммен қарым-қатынас жасамай, онлайн төлем жасаған да тиімді. Бірақ мұндай сәтте онлайн бақылау қызметін қолдануға болады. Тауарды да алдын ала тексеру үшін қосымша фото-видео да сұрап көріңіз. Мұндай сатып алу ыңғайсыз болса, тауарды ұсынған адаммен қауіпсіз жерде кездесіңіз әрі әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз. Қасыңызға бір адам ертіп алуға да болады.
- Тауарды төлем жасамай тұрып тексеріңіз. Хабарландыруда ескертілмеген жағдайларды ла сұрастырыңыз, жақсылап көріп алыңыз.