Қазақстандықтар цифрлық ұрыларға қаншалық жиі алданады?

Касперский лабораториясы қазақстандықтардың интернет және телефон ұрыларына қаншалық жиі тап болатыны жайлы зерттеу жүргізіпті. Зерттеу қорытындысы бойынша, 73% жағдайда ұрылар адамға жеке нөмірі бойынша хабарласады екен. Бұл аз десеңіз, алаяқтар алдауға арнайы уақытта кірісетін көрінеді. Мәселен, пандемия кезінде дүйсенбі-бейсенбі аралығында сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін шалынған “жалған” қоңырау саны көбірек.

Ұрылардың 60%-і өзін қаржы ұйымының қызметкері ретінде таныстырған. Кейбірі мемлекеттік қызметте істеймін десе, біразы “тегін хабарландыру сайтынан хабарласып тұрмын” деп сөз бастайды. Әлдебір дүние сатып аламын немесе сатамын деп хабарландыру сайтына тіркелген адамның нөмірін, жеке басына қатысты деректерді ұрылар өз мақсатына қолданады, яғни қоңырау шалғанда “құрбанның” аты-жөнін біліп тұрады.

Зерттеуге қатысқандардың 14%-і хабарласқан алаяқтың қай банкте шот барын, тіпті карта нөмірін біліп тұрғанын айтты. Көбіне ұрылар жеңілдетілген несие ұсынып хабарласыпты.

Бір сөзбен айтқанда, ұрылар халықты жанды жерінен ұстауға тырысқан. Адамдар біреуге ғана емес, жалпы ғажайыпқа, тосыннан келген жеңілдікке сенгіш қой. Сондықтан еліміздің азаматтары көбіне несие дегенге алданып қалып жатады. Ең сорақысы, арнайы ұсыныспен хабарласқан ұрылар сол жеңілдікті алу үшін кішкентай ғана комиссия төлеу керек екенін айтады. Ол 500-1000 теңге болуы мүмкін, – дейді Касперский лабораториясының басқарушы директоры Евгений Питолин.

2020-ның алғашқы жарты жылдығында интернет арқылы тоналғандардың әрқайсысы орта есеппен 12 мың теңгеден айрылыпты.

Бұл қаражат біреуге аз, біреуге көп көрінуі мүмкін. Бірақ ол – біреудің маңдай тері, жеке қаражаты. Азаматтарға берер ең бірінші кеңесім – кез келген жағдайда сыни пайымды іске қосыңыз. Барлық ұсынысқа асқан күмәнмен қараңыз, сенбеңіз. Бір дүние тым жақсы болып көрінсе, бұл көп жағдайда ұрлыққа алып келеді. Екіншіден, кім сұраса да, жеке ақпаратыңызды айта салмаңыз. Бірде-бір банктің жұмыс істеу жүйесінде клиентке хабарласып, оның шотының паролін немесе басқа да ақпаратты сұрау жоқ, оған тыйым салынған. Үшіншіден, цифрлы сауатыңызды дамытыңыз, – дейді Евгений Питолин.

Өкінішке қарай, цифрлы ұрлықта қылмыскер көп жағдайда жазасыз қалады. Бір себебі – құрбандар арыз жазуға асықпайды. Ал мамандар міндетті түрде полицияға барып, арыз жазуды ұсынады. Олардың айтуынша, жаппай шағымдану арқылы ғана мұндай қылмыс түрін тоқтатуға немесе азайтуға болады.

Ішкі істер департаментінің мәліметінше, карантин кезінде кибершабуыл бойынша 40 қылмыстық іс қозғалған.

Интернет-телефон алаяқтары адамды қалай алдайды? Қандай манипуляция жасауы мүмкін?

Психолог Марина Галкинаның айтуынша, пандемия кезінде кез келген адамға сеніп қалу күшейеді екен.

Адам төтенше жағдай тудырған белгісіз күйден, ертеңім не болады деген алаң сезімнен арылғысы келеді. Сондықтан нақты пауза алып, бәрін жақсылап ойлауға күші жетпейді, – дейді психолог.

Психологтың айтуынша киберқылмыскер адамды алдау үшін әуелі аздап қорқытады әрі “проблемаңызды шешіп беремін” деген желеумен өзіне сендіреді. Мұндайға бірінші кезекте мұңға берілгіш, ақпарат ағынынан, киберқауіпсіздік ережелерінен хабарсыз адам алданып қалады.

Кибершабуыл, әлеуметтік желі
Иллюстрация: Dribbble.com ©Ryan Mardhika

Цифрлы алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек?

Цифрлы ұрлықтың 85% жағдайында құрбанның өзі кінәлі болады. Күмәнді сайттарға кіргенде абайлау керек. Әлеуметтік желіде де жеке мәлімет жазып, жариялаудан қашқан дұрыс.

Осыдан біраз уақыт бұрын телефон, гаджет арқылы тонауға егде, орта жастағылар көп ұшырайтын. Бұл олардың цифрлы техникаларды жетік білмеуіне байланысты еді. Қазір көбіне жастардың кибершабуылға ұшырап жүргенін білдім. Оның ішінде IT-мамандар да бар, – дейді Еуразия банкінің өкілі Светлана Королева.

Банк картасын қауіпсіз қолдану ережелері:

  • Адам картаны ұрлатып немесе жоғалтып алса, бірден банкке хабарласып, бұғаттауын сұрауы керек.
  • PIN-кодты ешкімге айтпау керек. Картаны және ондағы мәліметті басқа адамға бермеу қажет.
  • Банк картасына байланысты кез келген адамның кеңесіне, көмегіне жүгінбеу керек. Тек банктің қызметкеріне сенуге болады. Бірақ өзін “банк қызметкерімін” деп таныстырып, хабарласқан адамға күмәнмен қарау керек. Кез келген күдік туған жағдайда телефонды қойып, картаның кері жағында көрсетілген банк call-орталығының  нөміріне қоңырау шалып, мән-жайды сұрауға болады. Әдетте банк қызметкерлері клиентке хабарласып, картасы туралы мәліметті сұрамайды.
  • Кафеде немесе басқа да орындарда картаны қызметкерге беріп жіберуге болмайды. Картамен төлем жасағанда аппаратты алдыңызға алып келуін сұрау керек.
  • Картаның 16 таңбалы нөмірін, жарамды мерзімін, артындағы үш таңбалы CVV кодын ешкімге айтуға болмайды. Нөміріңізге SMS-пен келген кодты да айтпау, көрсетпеу қажет.
  • Өзге компьютер мен телефонда жеке мәлімет сақталып қалмауын тексеріп жүрген дұрыс.
  • “https://” деп басталатын сайттарды ғана пайдалану керек. Сайт атауы да банк атымен сәйкес екенін тексеру артық етпейді. Мысалы, сайт “https://eubank.kz” болса, онда дұрыс. Егер “https://eubonk.kz” деп тұрса, бұл Еуразия банкінің сайты емес.