Ер адамның асылып қалғаны туралы хабарлама Instagram желісіндегі Патриот Караганды парақшасында жарияланды.
Оны кезекші асылып қалған күйінде тапты. Күдікті 62 жаста еді. Дене жарақаты жоқ. Алдын ала болжам бойынша бұл — суицид. Ақпарат сенімді, дереккөздер бұл мәліметті растады, — делінген Желіде тараған хабарламада.
Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаменті осы хабарламаға қатысты пікір білдірді.
6 қазанда Қарағанды тергеу изоляторында кішкентай қызды зорлағаны үшін қамауға алынған күдіктінің денесі табылды. Келген жедел жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын анықтады. Өлімнің алдын-ала себебі — суицид. Тексеру кезінде қайтыс болған адамның денесінде қандай да бір дене жарақаттары анықталған жоқ. Осы дерек сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. ҚАЖ департаменті қызметтік тексеру тағайындады, — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салайық, 23 шілде күні сағат 21.00-де Сәтбаев ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент әкімшілігі басшылығымен, Қарағанды облысының әкімімен, құқық қорғау органдары басшылығымен кеңес өткізді.