Шорнақ пен Сәтбаевтағы тәртіпсіздік: Президент кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігі басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдары басшылығымен кеңес өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те хабарлады.

Берік Уәлидің хабарлауынша, дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ.

Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар ол өңірлердегі халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты.

Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы тәртіпсіздік туралы мәлімдеме жасады.

Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, 1 учаске инспекторы мен 3 тұрғын жарақат алды. Жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды. Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.

Сонымен бірге 23 шілде күні сағат 21.00-де Сәтбаев ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты.