Басты бет / Жаңалықтар /
326c8fe02e0a5ffbab66baf483a798d7 12 жасында бірінші дәрежелі спорт шебері атанған Ғазиза
Иллюстрация: Dribbble.com

12 жасында бірінші дәрежелі спорт шебері атанған Ғазиза

Көркем гимнастикамен айналысатын Ғазиза Бақытжан Алматыда дүниеге келген. Қазір 188 мектеп-гимназияның 5-класында оқиды.

Кішкентай кезімде шпагатқа отырып, мостик жасауды өзім үйреніп алған соң, ата-анам 7 жасымда көркем гимнастикаға апарды. Басында тым кеш келдіңіздер деп үйірмеге алғысы келмеді. Сонда да жаттығу жасатып, тексеріп көрді. Табиғи талантымды байқап, гимнастикаға бейімі бар екен деп жаттықтырушы бірден үйірмеге алды,- дейді Ғазиза.

4a1f45cc815cdfddaa5c367c9166a480 12 жасында бірінші дәрежелі спорт шебері атанған Ғазиза
Ғазиза Бақытжан. Фото жеке архивінен

Ғазизаның айтуынша, көркем гимнастика дененің сымбатын сақтап, қалыпты формада жүруге көмектеседі.

Музыка әуенімен лента, доп, шеңбермен немесе мүлдем зат алмай гимнастика жаттығуларын орындаймыз. Мұнда толқынды, серіппелі қозғалыс жасаймыз. Иіліп, бұралу, денені тік ұстау арқылы арнайы биді орындап шығамыз. Көркем гимнастика қыздарға эстетикалық мінез қалыптастыруға көмектеседі, — дейді ол.

3b236c5c5d03ff8fc3208c14bbc39ec5 12 жасында бірінші дәрежелі спорт шебері атанған Ғазиза
Ғазиза Бақытжан. Фото жеке архивінен

Ғазиза түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. 12 жасында көптеген биікті бағындырған.

Талай жеңіске жетіп, Қазақстанның көптеген қаласында өнер көрсеттім. Бірінші дәрежелі спорт шебері деген разрядқа ие болдым. Бұның бәріне үлкен, қиын еңбекпен, шыдаммен келдім, — дейді Ғазиза.

Ол жетістікке жетуіне жаттықтырушысы Назгүл Әбдуәлидің еңбегі зор екенін айтады. Өзінің айтуынша, жаттықтырушы үнемі қолдау білдіріп, әр сайыста жеңетініне сендіреді. Керек кезде қатал да болады, кәсіби болуды талап етеді.

Жаттығу аптасына 5-6 рет 3-4 сағаттан өтеді. Спорт формасын ұстау үшін диетада отырамыз. Тәтті және нан өнімдерінен жасалған тағамдарды көп жеуге болмайды. Таңертең күнімізді жүгіруден бастаймыз, — дейді ол.

2be16374255f7f6f242b5138705894e0 12 жасында бірінші дәрежелі спорт шебері атанған Ғазиза
Фото Ғазиза Бақытжанның жеке архивінен

Ғазиза «Мадина» көркем гимнастика клубында үнемі жаттығады. Күніне екі уақыт жүгіреді. Бос уақытында сурет салғанды ұнатады. Ағылшын тілін жетік меңгеруге күш салып жүр.

Кәсіби гимнасшы болу үшін көп жұмыс істеу керек. Шыдамды болып, режимді қатаң сақтау керек. Алда әлі көптеген мақсат бар, ол үшін көп жұмыс істеу керек, — дейді ол.

Ғазиза болашақта олимпиададан алтын медаль алуды армандайды. Есейгенде Қазақстанда өзінің көркем гимнастика мектебін қалыстастырғысы келеді.

Ата-анамның, жаттықтырушымның және ұстаздарымның қолдауымен армандарым орындалады деп ойлаймын. Көркем гимнастикада із қалдырғым келеді. Ресей гимнасшыларынан Дина мен Арина Аверинаны, Александра Солдатованы, Маргарита Мамунды және қазақстандық Әлия Юсупова, Роза Абитова, Алина Әділханованы үлгі тұтамын. Солар сияқты кәсіби гимнасшы болғым келеді, — дейді Ғазиза.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook