Дария, 27 жаста (есімі өзгертілді):
Мұны өзгеден сұрауға ұяламын
Оңтүстіктің қызымын. Бакалаврды бітіріп, диплом алып, ауылға барғанда әкемнің қарындастары «Диплом қолда, енді күйеуге тию ғана қалды» деген сынды әңгіме айтты. «Сонымен қашан?» деп сұрақты төтесінен де қойды. Алғаш естігендіктен бе, біртүрлі болып қалдым. Кейін оңтүстік жақта қызды біреуге беруге асығу қалыпты нәрсе екенін ұқтым. Қазір Нұр-Сұлтанда тұрамын. Ауыл жаққа барған сайын еститінім — осы. Кейінгі кезде ағайын-туыстың қатарына құрбыларым қосылды.
Біреу «Қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұраса, ойланып қалатыным рас. Шынында, неге отбасылы болмай жүрмін деп өзіме сауал қоямын. Бірақ басымнан шығара алмай, ойға батып кетемін деп те айта алмаймын.
Сұрағандарға әзілмен жауап бере салатын болдым. «Міне, бір-екі айда тұрмысқа шығып кетем, сәл шыдаңдар» деймін. Өйткені барлық адамға «Ойымдағы адамымды әлі жолықтырмадым» деп мән-жайды түсіндіру мүмкін емес. Олай десең, «Ой, сен таңдап қалғансың» деген сияқты комментарийлері дайын тұрады. Жұрт өзгенің қашан үйленетінін не себепті білгісі келетінін түсінбеймін. Өз басым мұны ешкімнен сұрамаймын, ұяламын. Бір құрбымның анасы «Адамнан қашан деп сұрап, жанын жаралауға болмайды» деген еді. Ол кісімен толық келісемін.
Өзгенің ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Мүмкін, іштей «Неге жалғызбын?», «Неге біреумен қосылмай жүрмін?», «Енді осылай қалып кетемін бе?» деп қиналып жүрген болар?!
Фархат Тілеков, 24 жаста:
Адам отбасылы болуға асықпаса, демек басқа жоспарлары бар
23 жасқа таяғанда анам бірінші болып «Қашан үйленесің?» деп сұрады. Үйдегілер менің үйленуім туралы ойлайды екен ғой дедім. Ағайын-туыс не көптен көрмеген адам кездесіп қалса, қашан отбасылы болатынымды сұрайды, ақыл-кеңес айтады. Мұндай әңгімені айына жоқ дегенде жеті-сегіз рет естимін. 25-ке жақындап жатқандықтан, әлі талай айтылатынына сенімдімін. Бірақ бірде-біреуінің сөзі көңіл-күйіме әсер еткен жоқ, ренжіп, өкпелеген де емеспін. Өйткені қазір отбасы құратын ойым жоқ.
Үлкендер өзінен кейінгілердің қуанышын көргісі келгендіктен осылай сұрайды деп ойлаймын. Қазақ халқында шаңырақ көтеру маңызды. Басқа ұсақ-түйекті сөз еткенше, «Үйленетің ойың бар ма?» деп сұраған дұрыс қой. Өзім достарымнан сұрай берем, бірақ жаңалықтан құр қалып кетпейін деген оймен ғана сұраймын. Десек те, қазір адамдардан бұлай сұрап керек емес. Бүгінгі жастардың есі бар, болашақта не істейтінін біледі, біреудің пікірімен жүрмейді.
Адам отбасылы болуға асықпаса, демек басқа жоспарлары бар. Болмаса лайық адам кездеспей жүр.
Сондықтан «қашан, қашан?» дей беру артық. Меніңше, одан гөрі «Қызың бар ма?», «Біреумен кездесіп жүрсің бе?» деген дұрысырақ, жеңілірек сияқты. «Той қашан?» дегеннен жақсы ғой.
Айдана, 27 жаста (есімі өзгертілді):
«Қашан отбасылы боласың?» деу — біреудің өміріне қол сұғу
Бұл тақырып маған таңсық емес. «Қашан тұрмысқа шығасыңды» жеңгелерім бастады. Мән бермейтінмін. Жеңгенің миссиясы қайын сіңлісін тұрмысқа беруге, қайнысын үйлендіруге асығу ғой. Бір күні сырттай ұнататын бір жігіт «Той қашан?» дегенде біртүрлі болдым, құлазыдым. Бір жағы бойымды ашу кернеді. Қазір тұрмысқа шыққан құрбыларым қашан кететінімді сұрап, қоймайды.
«Тұрмысқа шықсам екен» деп түрлі тренингіге қатыспаппын, жұрттың біреудің етегінен ұстау керек екені туралы ақыл-кеңесін де жүрдім-бардым тыңдаймын. Тым өзімшіл болармын, мүмкін.
«Қашан тұрмысқа шығасың?» дегендерге «ертең» деп қалжыңдай салам. Кей адамды кездестіріп қалғанда сол сауалды қоятынын біліп, жауабымды алдын ала дайындап тұрам. Оларға ренжіген емеспін, бірақ жыным келеді.
«Қашан отбасылы боласың?» деу — біреудің өміріне қол сұғу. Басқадан бұлай сұраған емеспін. Күйеуге шыққан құрбыларымнан да тұрмыстық өмір туралы сұрап, бас қатырмаппын. Дегенмен солай сұрадың деп біреуді айыптауға да болмас. Ішкі қызығушылығы «өлтіріп» бара жатқандықтан сұрайтын болар. Көбіне, әйелдер жеке өмірімді қазбалайды. Болашақ ер азаматымды өзінікімен салыстырып, қандай қызметте істейтінін білгісі келіп тұратынын сеземін.
Жақындардың тойына бара жатып, «Сенікі қашан?» деп сұрайтындарын біле тұра, қызықтан қалмаймын. Тойдан емес, осындай сауалдардан жалығамын.
Құрбыларым, жеңгелерім, әріптестерім мені достарымен, туыстарымен таныстырғысы келеді. Сыртымнан ол адамға жағдайымды түсіндіріп, қандай жігітті қалайтыныма дейін құлағына құйып қояды. Көбі іштегі ойымды, қалауымды білмей жатып, айналысатын ісім мен жүрген жүрісіме қарап, «осы жігіт сай келеді-ау» деп өздерінше таңдап қояды. Бірақ қателеседі. Жеңгетайлыққа қарсымын! Біреудің таныстырған жігітімен сөз байласып, болашағымды бірге елестете алмаймын. Жеке өмір атына заты сай болуы керек. Адамға жарды Құдай қосады. Екінші жарты деген таңдай салатын дүкендегі зат емес қой. Сондықтан тыныш жүрейікші.
Жұлдыз Төлеу, психоаналитик:
Біздің қоғамда адамның бақытын үйленген-үйленбегенімен бағалайды
Біздің қоғам бөтен адамның жеке кеңістігіне баса-көктеп кіргісі, одан қалса, төсегіне дейін үңілгісі келіп тұрады. Бұл психология тілінде «вуайеризм» деп аталады. Вуайеризм — шамалы сексуал ауытқудың бір түрі. Өзінікінен гөрі өзгенің өмірі қызық. Мұның екі түрлі сипаты бар: өзінде жоқ бақытты өзгенің өмірінен іздеу немесе «Тұрмысқа шыққаннан не үйленгеннен мен бақыт таппадым, сен үйленсең, өмірің қандай болады екен?» деген фантазия.
Испаниядан келген психоаналитик ұстазым бар. Алматыда тұрып жатқанына 3,5 жыл болды. Ол кісіден: «Біздің халық қандай екен? Қандай проблемалары басым екен?» деп сұрадым. Ұстазым жастар көп ажырасатынын айтады. Оның айтуынша, алдына келген адамдардың басым бөлігі сүймей қосылған. Көбіне әке-шешесі, туыстарының белгілі бір стандартына сәйкес келетін, солар ұсынатын адамға үйленеді, сосын жылап қалады, не сыртта «қыдырып» жүреді. Осыдан кейін әкесіз өскен балалар өте көп екенін байқаған. Бізде «жастарды ерте үйлендірсе, ерте есейеді, жауапкершілігі артады» деген ескі түсінік әлі бар сияқты. Өкінішке қарай, олай емес.
Адам ішкі психологиялық жағынан саналы түрде есеймей, өз бетінше отбасын құрамын деп шешім қабылдамай, сыртқы күштің ықпалымен үйлене салудың соңы бақытсыздыққа, шаңырақтың шайқалуына әкеледі.
«Қашан үйленесің, қашан келін түсіріп, анаңның қолын ұзартып, қолын жылы суға малисың?» дегенді естіп жатамыз. Әрі-беріден соң үйлену деген келінді жұмысқа салып қою емес қой. Үйлену екі адамның «ғұмырды бірге кешеміз, бірге ұрпақ өрбітеміз» деген жан мен тән келісімінен туындаған шешім болуы керек.
Біздің қоғамда сосын тағы бір жайтты байқаймын. Білімді, материалдық жағдайын жасап алған қыздар көп. Бірнеше тіл біледі, саяхаттайды, өзін жетілдіреді. Олардың өмірлік ұстанымы, құндылығы мүлдем басқаша болуы мүмкін. Бірақ оған айналасындағылар тұрмысқа шықпағаны үшін аянышпен қарайды.
Сонда біздің қоғамда адамның жеке бақытын, өзін жетілдіруімен, ізденуімен емес, үйленген-үйленбегенімен бағаланатын сияқты. Бұл, әрине, сұрап тұрған адамның ізденістегі адамға деген бейсаналы түрдегі қызғанышын білдіреді.
Адамның бақыты үйленген-үйленбегенімен есептелмейтінін тағы бір айта кетейін. Өзі депрессияда, біреуге тәуелді адам ертеңгі күні жұбын ешқашан бақытты ете алмайды. Оны өзімен бірге құрдымға тартуы мүмкін. Сондықтан отбасын құратын адам жұрттың сөзіне мән бермей, әуелі өзінің бақытын ойлап, өзіне қуаныш сыйлап үйренуі керек.