Диплом мәліметін тексеретін сервис іске қосылады

Министр жақында әлеуметтік желі қолданушылары өзіне бірнеше қызық ұсыныс жазғанын айтты.

Жұмыс беруші дипломның түпнұсқасын онлайн тексере алуы үшін оны цифрлау ұсынылды. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім және ғылым министрлігі қазір дипломдардың дерек базасын толықтырумен және өзекті етумен айналысып жатыр, дипломның түпнұсқасын тексеруге болатын сервисті осы жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр, — деп жазды Асқар Жұмағалиев.

Әлеуметтік желі қолданушылары еңбекке жарамсыздық парағын е-форматқа және декрет төлемдерін тағайындауды проактив тәсілге көшіруді де ұсынған.

Біз бұл мәселені бұған дейін ведомствоаралық комиссияның отырыстарында көтердік. Жүкті әйелдер халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармауы үшін оларға декрет төлемдерін проактив форматта тағайындауды ұсындық. Кеше Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әріптестерімізбен кездесіп, бұл қызмет түрін проактив тәсілге көшіруді тездетуге келістік. Жақында нәтижесін айтамын, — деді министр.

Азаматтар апостильді цифрландыру мәселесін де айтқан. Шетелдегі азаматтардан кейде апостиль басылған құжатты талап етіп жатады, ал ол Қазақстанда тек қағаз түрінде беріледі.

Әділет министрлігі құжаттарды онлайн режимде алуға мүмкіндік беретін е-апостильді әзірлеумен айналысып жатқанынан хабардармын. Министрлік е-апостильмен куәландыруға болатын алғашқы қызметтерді алдағы тамыз айында көрсете бастайды деп күтеміз, — деді цифрландыру ведомствосының басшысы.

Министр үшінші тоқсанның соңына дейін мемлекеттік қызмет ақысының көбін, соның ішінде жылжымайтын мүлікті тіркеу төлемін де QR-кодпен төлеу мүмкіндігін іске қосуды тапсырғанын айтты.