Мемлекет басшысы: Қостанай облысының экономикасы жақсы дамып келеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының шаруаларымен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары аясында егіс алқаптарын аралап, «Заречное ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-ның астық жинау барысымен танысты.

Президент егін орағы науқанының кейінгі кезеңі туралы ақпарат алды. Бүгінге дейін өңірде дәнді дақылдардың 3,1 миллион гектары немесе 76%-і жиналған, өнімділігі әр гектардан 10 центнерден айналып отыр. Астық жинауға 9 100  комбайн жұмылдырылған, жуық арада дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қостанай, дихан, бидай
Фото: Akorda.kz

Сонымен қатар Mемлекет басшысына өңірде жүзеге асырылып жатқан мал шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, ауылшаруашылығы техникасын құрастыру жобалары туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесуде аграрлық саланың табысты дамуы, жалпы ел экономикасының бәсекеге қабілеттігін айқындайтын негізгі фактор екенін айтты.

Қостанай облысының экономикасы жақсы дамып келеді деуге болады. Болашақта бұдан да жақсы болатынына сенемін. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Экономикамыз пандемия салдарынан болған сынаққа төзе алды. Биыл өнім жақсы екені көрініп тұр, — деді Мемлекет басшысы.

Қостанай, дихан, бидай, орақ
Фото: Akorda.kz

Диханшылар Президентке ауылдарда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары мен игі бастамалар, сонымен бірге әлеуметтік мәселелердің біртіндеп шешімін тауып жатқаны туралы айтты.

Осы жылдың ішінде ауылшаруашылығында да, индустрияда да едәуір жетістіктерге жетуіміз керек. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу аса маңызды. Тұрғындардың әрқайсы бізден нақты мәселелердің шешімін күтіп отыр. Менің тапсырмама сәйкес Үкімет қазіргі уақытта осы мәселелермен айналысып жатыр. Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылдады. Табысты болады деп есептеймін, бірақ бірлесіп жұмыс атқару керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қостанай, дихан, бидай, орақ
Фото: Akorda.kz

Кездесуде шаруалар өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және экспорттау мәселелерін көтерді.

Өнімді өндіру үлкен мәселенің бірі әрі негізгісі болса, енді оны нарыққа шығару да маңызды. Үкімет осы мәселелермен айналысуға тиіс. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында нақты мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Қараша айында Президенттердің басшылығымен шекаралас өңірлердің басшыларының аймақтық кездесуі өтеді. Пандемияға байланысты қандай форматта өтетіні белгісіз, бірақ өтуге тиіс. Жалпы ЕАЭО аясындағы интеграцияны дамыту бойынша біздің бағытымыз өз күшінде, — деді Президент.

Коронавирус инфекциясы салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, диханшылар өндірісті сақтап қана қоймай, оның көлемін арттыра алды. Президент еліміздің азық-түлік қорын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар үшін ауыл жұмысшыларына ризашылығын білдіріп, жиын-терім науқанын уақытылы аяқтап, мол өнім алуларына тілектестік білдірді.