Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Нұрдәулет Сағатбек: Арманы шексіз адамды мүмкіндігі шектемейді

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Анасы Эльмираның айтуынша, Нұрдәулет музыкаға ес білгелі қызыққан. Ән айтып, билегенді жақсы көріпті. Домбыраны тарта алмаса да қолынан тастамайды екен.

Музыкаға қабілетін 5-6 жасында байқадым. Күнде таңертең тұрып, домбырасын қолына алып, бәрін оятатын. Аспапта ойнай алмаса да, «Жарайсың, өте керемет ойнайсың» деп қолдау білдіріп қоямын. Ол кезде денсаулығына байланысты домбыра үйірмесіне апара алмадым. Кейін 11 жасында Өнер мектебіне бардық. Баламның есту қабілетін тексеріп, бірден қабылдады. Қатты қуандым. Ұстазы Нұрдәулет Ыдырысов 2-3 ай домбыраны үйретіп, түрлі байқауларға қатыстыра бастады, — дейді анасы Эльмира.

Нұрдәулет Сағатбек.
Нұрдәулет Сағатбек. Фото жеке архивінен

Нұрдәулет ең алғаш қатысқан байқауынан 2-орын алған. Одан кейін түрлі халықаралық, республикалық байқаудың лауреаты атанады.

Жарыстан орын алып келгенде, «бәлкім көзі көрмейтін болған соң қазылар баланы аяп, жүлделі орын берген шығар» деп ойладым. Кейін Нұрдәулетке қолдау білдіріп, мен де бардым. Мақтағаным емес, басқа балаларға қарағанда ұлымның домбыра тартқанын көріп, талантына тәнті болдым, — дейді анасы.

https://www.instagram.com/tv/CA0aEmMgWWu/?igshid=738odgbfpxg9

Нұрдәулет қазір 7-класқа көшті. Айтуынша, домбыра тартудың өзі адамның көңіл-күйін көтеріп, ерекше сезімге бөлейді. Ол арманы шексіз адамды мүмкіндігі шектемейтінін айтады. Бастысы, ниет пен тек алға қарай ұмтыла беру керек.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп тегін айтпаған. Күй – құдірет. Қазақ халқы ежелден қайғы-мұңын, қуаныш-шаттығын домбырамен жеткізген. Кешегі Қазанғап, Тәттімбет, Құрманғазы, Ықылас, Дина, Сүгірдің күйлері әлі күнге құнын жоғалтпауынан-ақ, күйдің қаншалықты маңызы бар екенін білуге болады. Домбыраның үнін естісе елеңдемейтін қазақ жоқ. Демек, қазақ барда күй де бар. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны дәріптейтін ұрпақтың бірі болуға барымды саламын, — дейді Нұрдәулет.

Нұрдәулет домбыраның пайда болу, күйдің шығу тарихына қызығады. Ол жайлы түрлі аңыз-әңгімелерді тыңдағанды жақсы көреді.

https://www.instagram.com/tv/CAVMUhwA_s7/?igshid=6s2ofz3nth0p

 

«Көбік шашқан», «Ел айырылған», «Балбырауын», «Тойбастар», «Мұңлық-Зарлық», «Ақсақ құлан» сияқты қаншама күйдің астарында түрлі оқиға, көңіл-күй, сезім бәрі жатыр. Біз оны қанша ғасыр өтсе де ұмытқан жоқпыз. Әлі де айтыла береді. Домбырада бір күйді шерткенде, оның тарихын біліп тұрсаң тыңдарманға да жеткізу оңай болады. Сондықтан күйдің тарихын, күйшілер туралы біліп жүруге тырысамын, — дейді ол.

https://www.instagram.com/tv/CAde92qAe1V/?igshid=4nki3ih4in8w

 

Нұрдәулет эстрадалық, классикалық музыканы тыңдағанды ұнатады. Арман Жүдебаев, Тоқтар Серіковті үлгі тұтады. Нұрғиса Тілендиев сияқты мықты композитор болуды армандайды.