Карантин ауыл шаруашылығына қалай әсер етті?

Карантин кезінде «Шелек фермелері» кооперативімен серіктес болып жүрген ресторатор мен ритейлерден бастап қызанаққа ірі көлемде тапсырыс беріп жүрген компанияларға дейін жұмысын тоқтатқан. Кооператив мүшелері бар күш-жігерін мұндай кезеңнен минимал шығынмен шығуға жұмсапты, алайда пандемия өндіріске, жалпы жұмысқа кері әсерін тигізген.

Биыл мол өнім болады деп, 12 жылыжай салған едік. Шамамен 80 миллиондай табыс табамыз деп жоспарладық. Жалпы өнім кейінгі екі айда 33% азайды, жүзеге асыру жағы 41% төмендеді. Былтыр дәл осындай уақытта шаруашылық 100 тонна өнім берсе, биыл ол 65 тонна ғана болды. Өткен жылы жалпы жұмыс сомасы 17 миллиондай болса, биыл шамамен 10 миллиондай болды, — деді Еңбекшіқазақ ауданы Жергілікті қоғамдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева.

Қазір жағдай қандай?

Карантин кезіндегі басты проблема – ресторан мен фастфуд желілерінің жабық болуы, яғни негізгі клиенттердің азық-түлік алмауы. «Шелек фермерлері» кооперативі төрағасының айтуынша, мұндай жағдайда даму, жоспарды жүзеге асыру қиынға соққан.

Фермерлеріміз өнімді сата алмай қаламыз деп уайымдады. Сол себепті базарларда төмен бағамен сатты. Бірақ қазір жағдай оңалып келеді, тапсырыс та болып жатыр. Егістік алқабындағының бәрін өткізіп жатырмыз. Оңтүстік шаруалары сияқты өсіп тұрған егінімізді өткізе алмай қалған жоқпыз, көп бөлігін саттық. Қалғанын да өткізіп үлгереміз деп ойлаймын. Осындай жағдайға қарамастан кооперативте жұмыс істегісі келетін адам көп. Осы жылы 35 адамды жұмысқа алдық. Өз учаскелерінде қызанақ өсіретін әйелдер де қосылды, — дейді «Шелек фермерлері» кооперативі төрағасы Марат Мансұров.

Марат Мансұров елдегі жағдайға байланысты азық-түліктің бағасы көтерілмейтіні айтты. Себебі шаруалар егістік алқабындағы бүкіл өнімді жыл соңына дейін сатып үлгеруі керек.

Жылыжай
Фото: Еңбекшіқазақ ауданының Жергілікті Қоғамдастықтар Қоры

Шаруаларға қалай көмектесуге болады?

Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, 30 жыл бұрын ауыл шаруашылығы ішкі жалпы өнімнің 34%-ін қамтыған. Дәл қазір ауыл шаруашылығы нарықтың тек 5%-ін құрайды. Оның үстіне шалғай ауылдағы шаруалар пандемияның салдарымен жалғыз күресуге мәжбүр. Мұндайда оларға кооперативтік көмек керек.

Пандемия жағдайында шаруаларға өнім алып, оны сату жағынан көп еңбектенуге тура келеді. Сондықтан жеке шаруаларға бухгалтерлік есептер мен жалпы жұмысты ұйымдастыруға көмектесетін ұйымдар қажет. Кей шаруалар төлемді де қолма қол жүргізеді. Соның бәрі банк, карта, онлайн төлем арқылы өткізсе, экономикаға да пайдалы болар еді. «Шелек фермерлерінің» ұстанымы, жұмысты ұйымдастыру моделі өте дұрыс деп есептеймін. Мақсат — шаруашылықты көтеріп, өнімін екі еселеп жіберу емес, оны күрделі жағдайдан шығару, өнімді сатып алатын қала адамдарымен байланыстыру, — дейді экономист.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палата басшысының орынбасары Дәурен Оңалбаевтың сөзінше, Алматы облысы — еліміздің аграрлы өңірлерінің бірі. Облыста 46 мыңнан аса фермерлік шаруашылық тіркелген.

Фермерлер бірігіп, кооператив болып жұмыс істесе, толық бухгалтерлік есепті ұйымдастыру, жалақы бөлу мәселесі, сервисті жақсарту жұмысы жеңілдейді. Осылайша шаруалардың артық мәселеге алаңдамай, тек егін егіп, өнім шығаруды ойлауға мүмкіндігі болады. Елде азық-түліктің қымбаттауына өңірлерде жеміс пен көкөністі сақтайтын орынның болмауы себеп. Өзімізде өсетін тауарды сақтау жағын да қолға алу керек, — дейді Дәурен Оңалбаев.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бизнес бастау» жобасы аясында енді егіншілікті ғана емес, басқа да шаруашылықты кооператив үлгіге ауыстыруды ұсынып, жүзеге асырып көрмек.

Қызанақ
Фото: Еңбекшіқазақ ауданының Жергілікті Қоғамдастықтар Қоры

«Шелек фермерлері» өндіріс кооперативі қазіргі жағдайға байланысты біраз шаруашылық иелеріне көмек керек екенін айтады. Олардың сөзінше, ауылдағы шаруаларға «Шелек фермерлері» сияқты кооператив құрып, бірге жұмыс істеген тиімдірек.

Шаруашылықты бір жүйемен, модельмен басқарып, жүргізсек, ортадан қосылатын делдалдардың жолына тосқауыл қояр едік. Сондықтан әр өңірде өнімді сақтайтын, қоятын, бір жерден екінші жерге жеткізетін қызмет болуы керек. Сонда шынымен бәсеке пайда болар еді. Әрине, шаруаларды бір жүйеге біріктіру өте көп еңбекті талап етеді. Бұл — жылдар бойы қалыптасатын модель. Бірақ мұндай модель шаруаның егініне, өнімді сатуына жағдай жасар еді. Егер бір өңірде бүкіл шаруашылықты біріктіретін кооператив қалыптасса, бәрі бірігіп жұмыс істесе, сол жерді өзіміздің өніммен толық қамти алатын елге айналар едік. Әйтпесе күнде жеп жүрген азық-түлігіміздің қайдан, қандай жағдайда келіп жатқанын білмейміз, түбіне де жете алмаймыз. Тіпті, қалай өсетінін де көрмейміз, — дейді Еңбекшіқазақ ауданы Жергілікті қоғамдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева.