Шелек фермерлері егінге паразиттерді не себепті жібермек?

Қазір - астық жинау маусымы. Аймақтағы диқандар егіннен жиғанын қала дүкендеріне өткізіп жатыр. Baribar.kz тілшісі Алматының ірі үш сауда орнына көкөніс жеткізетін Шелек ауылының фермерлерімен танысып қайтты.

Ауыл маңындағы 26 фермер алты жылдан бері «Шелек фермерлері» кооперативіне біріккен. Диқандар егінін зиянкестен қорғау үшін химиялық қосылыстар қосқысы келмейді. Химиялық қосылыс егіннің түсімін азайтып, биологиялық таза өнім алуға кедергі болуы мүмкін. Зиянкестермен күресудің табиғи жолын қарастырып, егін мен жылыжайға пайдалы жәндіктерді жіберіп көрмекші. Тағы бір жаңалығы — кооперативте өнім дүкенге жеткенше сақталатын экспериментал қойма ашылған.

Шелек ауылы Еңбекшіқазақ ауданына кіреді. Ауданның жергілікті қоғамдастықтар қоры бар. Қордың «Ауыл өңірлерін дамыту» бағдарламасы «Шелек фермерлері» ауылшаруашылық өндіріс кооперативінің жұмысын ұйымдастырады. «Шелек фермерлері» кооперативінде 21 фермер егін егіп, бес фермер логистика мен бағдарлама жұмысына жауап береді. Олардың көбі көкөністі ашық егістікке егеді. 2018 жылы көктемде тоғыз фермер қордың қолдауымен жалпы көлемі 5 мың шаршы метр болатын 15 жылыжай салған. Көктемде жылыжайдың жұмысын бастаса, жазда ашық егіндікті баптайды.

Қор қызметкерлері бізді Агробизнес орталығындағы жылыжайға апарды. Оған кірмес бұрын қолымызды антисептикпен жудық. Оның себебін қордың бағдарлама маманы Сағындық Жадырадан білдік. Мұнда егін даласынан диқандар кооперативтен кеңес сұрап келеді. Олар өз егініндегі өсімдік ауруларын жылыжайдағы көкөніске жұқтыруы мүмкін екен. Сол үшін жылыжайға кірмес бұрын қолды дезинфекция ерітіндісімен жуу керек.

Шелек фермерлері
Сағындық Жадыра. Фото: Еркебұлан Рысдәулетов

Әр фермер өз бетінше егінін егіп, өсіріп, қалаға өткізе алады. Бірақ жалғыз-дара жүргеннен, кооперативке біріккен тиімді. Кооператив құрамында болған фермерге мемлекет салықтан 70% жеңілдік жасайды.

Кооператив құрамында жақын маңдағы Қаражота, Қызылшарық, Қорам, Ащысай, Ащыбұлақ ауыл округтерінің фермері бар. Әрқайсында орта есеппен 5 гектар көлемінде жер бар. Жылыжай мамырдан қазанға дейін істейді, жылытылмайды. Осы уақыт аралығында қысқы үлкен өндірістік жылыжайлар келесі маусымға дайындалып жатады. Ал біз соны пайдаланып, көкөніс өсіріп, оны сатып үлгереміз. Биыл жылыжайда өсірілген қызанақ пен бұрыштың бағасы 310 теңгеден, түрлі түсті бұрыштың бағасы 450 теңгеден түскен жоқ, — деді Сағындық Жадыра.

Жақында кооператив фермерлері Алматыдағы Esentai mall сауда орнындағы жәрмеңкеге қатысыпты. 2 тонна өнім сатқан. Сағындық Жадыра жәрмеңкеде өнімді зиянкестерден қорғау үшін пестицидтер сияқты химиялық қоспа себу мәселесі көтерілгенін айтты.

Еуропада пестицидтердің кесірінен аралар қырылып, тозаң тасуы күрт төмендеп, өнім дұрыс шықпаған. Осы мәселеге орай зиянкестерді табиғи жолмен жоюды қолға алдық. Биыл пайдалы биологиялық энтомофагтарды жылыжайға жіберіп, тәжірибеден өткізіп жатырмыз, — деді Сағындық Жадыра.

Энтомофаг туралы Жазкен Жиембаев атындағы ғылыми-зерттеу институтының буынаяқтар зертханасының меңгерушісі Айжан Чадинова баяндап берді. Оның айтуынша, астық бидесі (злаковая тля) зиянкесінен паразиттер арқылы құтылуға болады.

Шелек фермерлері
Айжан Чадинова. Фото: Еркебұлан Рысдәулетов.

Тәтті бұрыштың басты зиянкесі «шабдалы бидесі» деп аталады. Энтомофаг осы бидеге бір дегенде 200-ге дейін жұмыртқа салады. Зиянкес бірнеше күн қозғалып тұрады. Жұмыртқа қуыршаққа айналғанда жасыл түсінен қара түске айналып, қатып қалады. Фермерлер егінге арзан болғандықтан көбіне пестицидтерді себеді. Шетелде пестицидтерсіз өсірілген өнім қымбат сатылады. Біз де соған келе жатырмыз. Фермер органикалық өнімді өсіре алмайды. Өйткені өнімге бәрібір химиялық тыңайтқыш қосылады. Есесіне өнімге улы химиялық дәрі шашпай экологиялық таза өнім ала аламыз. Ол үшін зиянкестермен табиғи жолмен күресуге зертханада энтомофагтарды өсірдік. Бұл тәжірбие оң нәтиже берсе, фермерлердің жылыжайына осы пайдалы бунақденелілерді жібереміз, — деді Айжан Чадинова.

Фермерлер жылыжайға тамшылап суару жүйесін орната бастапты. Бағдарлама агрономы Павел Кавуновпен бірге бұл әдіспен өсімдікке су қалай жететінін көрдік.

Шелек фермерлері
Павел Кавунов. Фото: Еркебұлан Рысдәулетов

Біздегі тамшылап суару жүйесі өте қарапайым әрі ыңғайлы. Су құбыр арқылы жылыжайға беріліп, тамшы таспалары арқылы көкөніске жетеді. Суға жылыжайдың көлемі мен көкөніс түріне байланысты жарты келіден 1,5 келіге дейінгі көлемде органикалық тыңайтқыш қосамыз. Тамшылап суару жүйесін үш жыл бұрын 320 мың теңгеге сатып алдық. Жылыжайдың алдына метеостанция орнаттық. Ол автоматты түрде жұмыс істейді. Мысалы, 4 қазанда түндегі ең төменгі температура плюс 6 градус болған. Ал 5 қазанда 21 градус жылы болды. Бұл ақпарат егінді жоспарлауға керек. Метеостанцияны 2 мың долларға сатып алдық. Жылыжайдың ұзындығы — 40 метр, ені — 8 метр. Ол шамамен 1 миллион 400 мың теңге тұрады, — деді Павел Кавунов.

Агроном бұл жер ауыл болған соң кейде жарық өшіп қалатынын айтты. Жарық болмаса, осы процестің бәрі тоқтайды. Оған жол бермес үшін орталыққа күн сәулесі панельдері орнатылған. Олар күннен алған энергияны жинап тұрады. Жарық жоқта осы панельдердің қуаты пайдаланылмақ.

Фермерлердің өнімі дүкендерге жеткізілмес бұрын оның бәрін бір жерге жинау керек. Әр фермер келген сайын көлікке тиеп, қалаға қарай жөнелту жоқ. Бір фермер өткізіп кеткен соң екіншісін күтеді. Бәрін жинап бір-ақ апарады. Бірақ бұл уақытта алдыңғы келген өнімдер бұзылып кетпеуі тиіс. Сол үшін биыл кооперативте экспериментал қойма ашылған. Қойма кез келген жеміс пен көкөністі сақтауға арналған. Мұнда көкөніс 0 градустан плюс 20 градус арасында 30-45 күнге дейін сақталады.

Біз барған кезде фермерлер жартылай тәтті бұрыш пен жартылай ащы бұрышты өткізіп жатты. Қызыл бұрышты 0 градустан плюс 2 градусқа дейін, жасылын плюс 7-10 градусқа дейінгі температурада сақтайды. Өзіміз келіп тұрған соң диқанның қолынан көкөніс алмай кетеміз бе?! Жасыл бұрыштың келісін 90 теңгеден сатып алдық. Ал жартылай ащы бұрыштың келісі 110 теңге екен. Өздерін лаборантпыз деген қыздар фермер әкелген өнімді сұрыптап жатты. Көлемі үлкенірек әрі жарықшағы жоғы бөлек жәшікке салынып, жарамсызы фермерге қайтарылады екен.

Шелек фермерлері
Фото: Еркебұлан Рысдәулетов

Дегенмен проблема да жоқ емес. Диқандардың бір қынжылатыны — логистиканың нашар болуы. «Нарқыз» шаруа қожалығының иесі Әшір Мұсаев та осы мәселені айтты. Оның айтуынша, өнім таситын көліктің мұздатқышы да кішілеу.

20-30 фермер күніне 100 келіден өнімнің бір түрін өткізсе, күніне 3 тонна болады екен. Бірақ біз жалғыз бұрыш немесе тек қызанақ өсірмейміз ғой. Логистика жақсарып, әрқайсымыз күніне тым болмағанда 300 келіден тапсырсақ, тіпті жақсы болар еді. Ауыл шаруашылығы министрі бізге осы логистика жағынан жәрдем берсе деймін. Мысалы, біз өнімді өңдеу үшін Заречный ауылына апарамыз. Өнім өткізетін «Цин-Каз» сауда орны Орбита мен Таугүл ықшамауданы жақта. Бәрінің арасы алыс, шығынымыз көп, — деді фермер.

Шелек фермерлері
Фото: Еркебұлан Рысдәулетов

Шелек фермерлерінің өнімін «Арзан» көтерме сауда орнында, Metro азық-түлік сауда орны мен «Цин-Каз» сауда дүкенінен сатып алуға болады.