Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорданың сауда үйлеріндегі азық-түлік бағасын тексерді

Алдымен аймақ басшысы «Анвар» сауда үйіне барды. Сауда үйінің сөресінде 8 000 тауардың түрі бар және тұтынушыларға арналған бес касса жұмыс істейді. Оның ішінде бір касса мүгедек жандарға арналған. Сауда үйінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар бағасы арнайы бекітілген бағамен сатылады.
Қала әкімі аймақ басшысына халық үшін маңызды әлеуметтік тауарлардың межелі бағасы республикалық баға талаптарына сәйкес сатылатынын айтты.
Гүлшара Әбдіқалықова мұнан кейін «Қызылорда оптомаркет» сауда желісіне келді. Сауда үйінің сөресінде жалпы 10 000 тауардың түрі бар. Тұтынушыларға арналған тоғыз касса жұмыс істейді. Бүгінде сауда желісінің қалада 5 филиалы жұмыс жүргізіп, 115 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, халыққа қызмет көрсетеді.
Облыс әкімі сауда желісінің басшысына күнделікті қолданыстағы азық-түлік өнімдерінің тапшылығы туындамауы керек деп атап өтті. Сондай-ақ қажет қорды жасақтау міндетін қойды.
Облыс әкімі қаладағы ірі желі — SMALL сауда үйіне де барды. Халықтың күнделікті қажеттілігі туындайтын азық-түлік бағаларының бағасын бақылады. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін көріп, тауарлардың қоры туралы сұрады.
Сауда үйінің сөресінде 15 000 тауардың түрі бар және тұтынушыларға арналған 12 касса жұмыс істейді.
Қазіргі таңда, қала бойынша SMALL сауда үйінің 5 филиалы жұмыс істеп, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сауда үйін аралау нәтижесінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі мен Қызылорда қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысына ашық базарларда санитария нормаларының сақталуын қадағалап, тұрғындардың бетперде режимін сақтауын бақылауға алу қажеттін тапсырды.
«Халық жиі шоғырланатын сауда нысандарында дезинфекциялық шаралар қарқынды жүруге тиіс» деді. Сонымен бірге, азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстап, қажет қорды алдын ала жасақтауды міндеттеді.