Гүлшара Әбдіқалықова: Қызылордалықтарды тұрақты жұмысқа орналастыру деңгейі 60%-тен төмен болмауға тиіс

Жиында екі мәселе қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов халықты жұмыспен қамту бағытында 8 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, негізгі көрсеткіштерді айтты.

Жыл басынан 8 ай ішінде «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысушы ретінде 23 246 адам белсенді шаралармен қамтылған. Техникалық және кәсіптік даярлау жұмыстарына 1515 адам жолданған. Қысқа мерзімді оқытуға 1000 адам жоспарланған, оның 830-ы қамтылып, жоспар 83%-ке орындалған.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік бағдарламаларды орындау арқылы межелі индикаторға жету қажеттігін атап өтіп, қысқа мерзімді курсты оқыған азаматтардың 75%-і тұрақты жұмыспен қамтылуға тиіс деді.

Өңірде жаппай кәсіпкерлік дамыту бағытында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2150 адам оқыту көзделсе, бүгінде 2113 адам қамтылған. Ал кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау мақсатында 824 адамға шағын несие беру жоспарланған. Аймақ басшысы аталған екі бағытты орындауда бірқатар ауданның жұмысын жандандыру тиіс екенін айтты.

Азаматтарға шағын несие беру арқылы кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. 9 айдың қорытындысымен қала және аудандардың көрсеткіші 80%-тен төмен болмауы керек. Ал, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын аяқтағаннан кейін азаматтардың тұрақты жұмысқа орналастыру деңгейі 60%-тен төмен болмауға тиіс. Қала, аудан әкімдері, тиісті сала басшылары жұмыс берушілермен тығыз жұмыс істеңіздер, — деді облыс әкімі.

Жиында бос жұмыс орындарына мамандарды тарту мәселесі де айтылды. Облыс әкімі бос жұмыс орындары заңға сәйкес электрон еңбек порталында көрсетілуге тиіс, алайда көп жағдайда адамдар сырттай жұмысқа қабылданып жатқанын, мәселені тез арада реттеуді тапсырды. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашып, интергациялық картаға енген жұмыс орындары бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді қолға алу қажет деді.

Отырыста қаралған екінші мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісінің орындалуы. Медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындардың мәртебесін айқындау жұмыстарына қатысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов баяндама жасады.

Жиында облыс әкімі халықты белсенді түрде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісіне тартып, шарттарды түсіндіріп, әлі де сақтандырылмаған азаматтарды қамту қажеттігін қаперге салды. Сонымен бірге шағын және орта бизнес субъектілерін сақтандыру ісіне өзектендіру қарқынды жүруі керек деді.

Биыл өңірде «Құпия пациент» бағдарламасы енгізіліп, облыстағы 21 емхана мен 7 стационардың call-орталықтары мен тіркеу бөлімдеріне қоңыраулар жасалған. Мұнан бөлек, Qoldau-24/7 мобилді қосымшасы әзірленді. Қосымша арқылы тұрғындар МӘМС жүйесіне байланысты толық ақпарат алып, медицианылық мекеменің қызметі үшін шағым қалдыра алады.

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарай келе, облыс әкімі облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, өңірлік кәсіпкерлік палатасы, облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, салықтық төлемнен босатылған жалдамалы жұмысшылардың мәліметтерін ақпараттық жүйеге енгізуді тапсырды. Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен» бірлесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындардың мәртебесін толық өзектендіруді міндеттеді.

Облыс әкімі отырыс барысында айтылған тапсырмалардың орындалуын үйлестіруді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовқа таспырып, аталған мәселе желтоқсан айында қайта қаралатынын назарға салды.