Атырау облысы Құлсары қаласында тұратын Гүлденді «үйдің ерке қызы» деп атайды. Гүлден 7 жасында TikTok қолданбасына, ондағы контентке қызыққан. Бірте-бірте әзілге толы видео түсіре бастаған. Бірақ осыншама танымал боламын деп ойламапты.

Ол кезде анам көмектесетін, киіндіріп, ұялы телефонымдағы қолданбаны қосып беретін. Кейін  оның бәрін өзім үйреніп алдым. Маған видео түсірген ұнайды. Құдды бір актер сияқтысың. Роль ойнайсың, пародия жасайсың, — дейді кішкентай өнерпаз.

Гүлден «Күлпәш» сериалының үзінділеріне видео түсіргенді ерекше ұнатады. Бертін келе контентті TikTok-қа, Instagram желісіндегі парақшасына сала бастаған. Бірде актриса Қарлығаш Исламқызы жас таланттың өнерін байқап, оның видеосын өз парақшасында бөліскен. Сол күннен бастап Гүлденді халық тани бастады. Қазір Instagram-да оның шығармашылығын 64 мың адам тамашалайды.

«Күлпәш» сериалындағы Каталекті ойнайтын Қарлығаш апай видеоларымды байқап қалды. Кейін Күлпашты сомдаған Берік аға екеуі Instagram-нан менің түсіргендерім ұнайтынын айтып, хат жазды. Қатты риза болдым, — дейді Гүлден.

Актер Берік Тұрсынбеков Гүлденнің өнеріне тәнті болғаны соншалық, «Күлпәш» сериалының 3-маусымында бірге жұмыс істеуге шақырған екен. Бірақ онлайн сабақ басталып кетіп, ұсыныстан бас тартуға тура келген.

Біз Құлсарыдамыз. Ал түсірілім Шымкентте өтеді екен. Сабақ кезінде қиын болады, сол үшін бас тарттық. Негізі бұдан да бөлек көп ұсыныс келді. Бірақ жобаның көбі Алматыда өтеді. Үлкен проект болмаған соң бізді алыстан әуре еткісі келмейді. Дегенмен ешқандай өкініш жоқ. Гүлден әлі кішкентай, болашағы алда. Талай жобаға қатысады деген үміттемін, — дейді анасы Алмагүл Қалмұханова.

Гүлден
Гүлден Қайырбекқызы. Фото жеке архивінен

Анасы Алмагүл Қалмұханованың айтуынша, Құлсарыда актерлік шеберлік сияқты баланы дамытатын үйірмелердің жоқтығы қынжылтады.

Қызымның түрлі курсқа қатысып, кәсіби актриса болғанын қалаймын. Өкінішке қарай, біздің қалада ондай мүмкіндік жоқ, — дейді анасы.

Қазіргі кезде сағаттап ұялы телефоннан бас көтермей отыратын балалар бар. Алмагүл Қалмұханованың айтуынша, Гүлден ондай емес. Ата-анасы видео түсіруге күніне 30 минут немесе 1 сағат қана уақыт береді екен.

Қандай видео түсіріп жатқанын алдын ала бізге көрсетеді. Өзінің жасына сай контентті ғана көруге, түсіруге рұқсат береміз. Негізі Гүлден — өте әдепті, тілалғыш қыз. Айтқан сөзіңді бұлжытпай орындайды, қарсы келмейді.

Қазір Гүлден 4 класта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Математикаға қарағанда гуманитар бағытына жақын екен.

Қазақ тілі, әдебиет пәні ұнайды. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерің оқығанды жақсы көремін, — дейді оқушы қыз.

Жас өнерпаздың кластастары да, ұстаздары да әлеуметтік желідегі өнеріне тәнті. Таныстары Гүлденді көгілдір экраннан актриса ретінде көргілері келетінін де айтады екен. Өзінің де арманы — атақты актриса болу, үлкен сахнада өнер көрсету.

Алматыға көшкім келеді, беделді актриса болсам деймін. Берік аға, Қарлығаш апаймен бірге киноға түскім келеді. Ән айтуға да қызығамын. Әсіресе, Қарақат Әбілдинаның әндері ұнайды, — дейді өнерпаз.