Бағдат Мусин Цифрлық даму министрі болды

Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусинді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындады. Тиісті жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалсын, — делінген құжатта.

Айта кетейік, Бағдат Мусин биыл 20 шілдеде Цифрлық даму бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалған еді және бүгінге дейін министр қызметін уақытша атқарып келді.

Бағдат Мусин 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Екібастұз қаласында туған. Сүлеймен Демирел атындағы университетті «инженер-жүйе технигі» мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын инженер-бағдарламашы болып бастады, Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК АЖ сүйемелдеу бөлімінің бастығы, ҚР Әділет министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, Байланыс және ақпарат министрлігінің құрылымында басшылық қызметтерді атқарды, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін басқарды.