Қазақстанда жемқорлығы үшін сотталғандар енді мерзімінен бұрын босамайды

Президенттің айтуынша, 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек.

Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда қызметінен босатылады, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек екенін айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет, — деді Президент.