Басты бетБілім2021 жылдың...

2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдер жалақысы 25% көбейеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қашықтан оқыту ісін ұйымдастырудағы жұмысын сынады. Президенттің айтуынша, әлі күнге дейін оқушылар мен мұғалімдерге арналған нақты онлайн платформа жоқ. Мемлекет басшысы білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді және білім алудың дәстүрлі форматына көшу тәртібін дайындауды тапсырды.

Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертіп жатыр. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитария талаптарын сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдер жалақысы 25% көбейетіні туралы айтты.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі — ұстаздар жалақасының аздығы. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25% көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді, — деді президент.