Асхат Еркімбай, медиатренер, Сулейман Демирел университетінің оқытушысы:

Видеоконференцияға қатысу әдебі бар

Асхат Еркімбай. Фото жеке архивінен

Қашықтан оқыту кезінде мұғалім көп уақытын сабақ әзірлеуге, ал оқушы тапсырма орындауға жұмсайды. Қазір қашықтан оқытудың аралас оқу (blended learning) түрі жиі қолданылып жүр. Мұғалім тапсырманы алдын ала белгілі бір платформаға жүктеп қояды, оқушы оны орындап, соңында екеуі онлайн байланысқа, яғни видеоконференцияға шығады. Тікелей байланыс арқылы мұғалім оқушылардың тапсырманы орындауына қатысты пікір білдіреді. Мен тіл үйрететін адамдар – студенттер және ересектер. Онлайн сабақты жиі өткізетін оқытушы ретіндегі тәжірибеме салып, оқушыларға видеоконференцияға қатысуға қатысты кеңес ұсынайын.

  1. Онлайн платформаға тек өз аты-жөнімен тіркелген дұрыс. Мәселен, мен бір мезетте 20 студентпен онлайн байланысқа шықтым. Бір қолданушының платформасын алдыңғы жолы сіңлісі қолданыпты, сондықтан сол адамның аты-жөні өзгермей қалып кетіпті. Мен студентті автоматты түрде сіңлісінің есімімен атап қоя беремін. Болмаса, “Айфон Гүлнұр” деп сақтап қоятындар да бар. Бұл қарым-қатынас жасағанға өте қиын.
  2. Неге екенін білмеймін, қазір көп жерде платформаны қолданушы мекенжайын қоса жазып қояды. Бұл мәлімет мұғалімге керек емес.
  3. Көп адам бэкграунд, яғни артында тұрған фонның жақсы болуына алаңдайды. Кейінгі зерттеулер бойынша бэкграунд маңызды емес. Психология тұрғысынан қарағанда, бұл – онлайн байланысудағы адамның жеке кеңістігі. Адам бейсаналы түрде “бұл – менің жерім, оны ешкімге бергім келмейді” деп есептейді. Сондықтан мұғалім оқушыға бэкграундқа қатысты қандай да бір шарт немесе ұсыныс айтпауы керек. Олай етсе, адамның жеке кеңістігіне қол сұққан болып есептеледі.
  4. Онлайнға қосыла сала дыбысты өшіріп қою әдеті қалыптасуы керек. Өз тәжірибемнен бұл әдетті көбі сақтамайтынын байқаймын. Оның бір себебі – адамдардың қолындағы құралын жақсы білмейтінінде. Компьютер немесе телефон өте сапалы болса, айналадағы барлық дерлік дыбысты онлайн-сабаққа қатысушыларға жеткізіп тұрады. Бала мұны білмеуі мүмкін. Өйткені техниканы ата-анасы немесе басқа бір адам әкеліп берген шығар. Бірақ көршілердің даусын, көшедегі иттің үргенін, тіпті бала дәптерге жазып жатқандағы дыбысты видеоконференцияға қатысып отырғандардың бәрі естиді. Сондықтан микрофонды өшіріп қою өте маңызды.
  5. Чат қолдану. Оқушы түсінбегенін немесе сауалын чат арқылы да сұрай алатынын білуі керек.
  6. Видеоконференциямен сабақ өтіп отырғанда “мен қазір келем” деп, дыбысы мен видеосын өшіріп, кетіп қалатын оқушылар бар. Бұл оффлайн жағдайда “ағай, қазір келем” деп аудиториядан шығып кеткенмен бірдей. Мұндай оқушы онлайнға қайта қосылғанша көп мәліметті өткізіп алуы мүмкін. Сондықтан сабақтың қандай тәртіппен өтетінін оқушылармен басында-ақ келісіп алған дұрыс. Онда онлайн сабақтан қалай шыға тұруға болатыны да айтылуы керек. Олай болмаса, оқушы бетті жаба салуы мүмкін. Мұндай кезде мұғалім оның видеоконференцияға қосылып отырған-отырмағанын білмейді. Оқытушы не істейді? Әуелі дүрбелеңге салынбағаны жөн. Оқушы сабақтан кетіп қалмаған болуы да мүмкін, байланыс үзіліп кеткен шығар.
  7. Онлайн байланысқа шыққанда студенттерімнің интернет байланысы қай деңгейде екенін біліп аламын. Студенттерден алдын ала отырған жерінің интернетін “1”, “2”, “3” деген деңгейлермен бағалауын сұраймын. “1” – нашар, “2” деген – орташа, “3” – жақсы. Өйткені интернет байланысқа қатысты проблема туындаса, оған екі жақ та кінәлі емес.
  8. Видеоконференцияға телефонмен емес, компьютермен қатысуға кеңес беремін. Өйткені телефонмен отырғанда қол талады, содан екі қолымен кезек-кезек ұстайды, біресе айналдырады, телефонына кенеттен хабарлама келеді дегендей. Оған қоса, қолмен ұстап тұрған соң видеодан діріл байқалып тұрады. Бұл экранның арғы бетіндегі адамға ыңғайсыз. Тіпті болмаса, сабақ үшін бір телефонды алып, қозғалмайтындай етіп қойып, екіншісін пайдалануға болады.

Өкінішке қарай, ата-аналарда баласы компьютер алдында болса, ештеңе бітірмей, бос отыр деген түсінік бар. Әсіресе қыз балаларға қиындау екенін байқадым. Мысалы, оқушы компьютермен видеоконференцияға қатысып отыр делік. Сол кезде үйге көршісі келіп, тұз сұрауы немесе кешкісін қонақ келетін болып, қазір соған бәрі дайындалып жатқан болуы мүмкін. Баланың сабақ оқуына отбасы өзі осылай кедергі жасайды. Сондықтан аралас сабақ тәсілімен оқуға қатысты отбасында өзара келісім, түсіністік болуы керек.

Мен әр өткізген сабақты жазып, басып аламын. Өйткені арасында сабаққа қатыса алмаған немесе толық қосыла алмаған студенттер болады. Бұл тәсіл оларға “болмай қалдым, көруге мүмкіндігін болмады” деген сияқты еш желеу қалдырмау үшін керек. Оған қоса, бұл жұмысымның бірізділігін сақтау үшін қажет. Кейін видеоны қайта қарап, сол сабақта не өтіп, не айтқанымды еске түсіремін, сабақтың қай жері сәтті не түсініксіздеу болғанын біліп аламын.

Қарлығаш Әділова, Алматыдағы №82 орта мектептің мұғалімі:

Жазда мұғалімдер арнайы курстан өтті

Қарлығаш Әділова. Фото жеке архивінен

Көктемде қашықтан оқыту аяқ асты енгізілген соң қарбаласқа түсіп, кей мұғалім, ата-ана мен оқушы бір дүниелерді түсінбей қиналған болар. Бірақ жазда мұғалімдер арнайы курстан өтті. Қойылған талаптар да күшейтіліп отыр. Сондықтан осы оқу жылында көп мәселе шешімін тауып, оқу процесіне қатысушы барлық тарап үшін қолайлы жағдайда жүреді деп ойлаймын.

Мұғалімдерге қашықтан оқытуға арналған көптеген құрал, платформа, байланысу құралы беріліп отыр. Мәселен, бір ғана топтық жұмыс бойынша форматтың жоба, күрделі тапсырма әлде зерттеу болғанына байланысты мессенджер мен электрон поштадан бастап Google құралдары (кесте, таныстырылым) мен Padlet-ке дейін түрлі платформаны пайдаланатын боламыз. Мұның сыртында «Kahoot!» қосымшасы, Opiq, Zoom, Microsoft Teams, Google Meet секілді ресурстар бар. Әр мұғалім өзіне, оқушыларына қолайлы құралдарды таңдап, солар бойынша жұмысын жүргізе алады.

Ата-ана мен оқушыға арналған кеңеске келсек, ең әуелі уақытты дұрыс жоспарлап, мектепке барып жүрген кездегідей кәдімгі кесте құрып, сол бойынша жүріп отыру керек.

Осыны есте ұстағаны жөн. Күн тәртібін сақтап, ерте жатып, ерте тұру, тамақты уақтылы ішу, сондай-ақ күн бойы отыра бермей, арасында сергіп алу, дене жаттығуларын жасау аса маңызды.

Сабақ оқуға арналған орын болуы қажет. Бөлек бөлме болмаған күннің өзінде, жұмыс істеуге болатын, таза, қажет заттар қойылған, ештеңе алаңдатпайтын, шудан алыс жер қарастыру керек.

Сабақ оқуға үйде жүргенде немесе ұйықтағанда киетін киіммен отыра салуға болмайды. Бұл оқушының көңіл-күйіне, сабаққа деген ынтасына әсер етеді.

Бұдан бөлек ата-анаға оқушы қолданатын платформалармен танысып шығуды ұсынар едім. Бұл жалпы процестің қалай жүретінен хабардар болып отыруға мүмкіндік береді. Оған қоса, мұғаліммен де үнемі байланыста болған жөн. Ең бастысы, сабырлық сақтап, қобалжымай, бар жауапкершілікпен білім алу керек.

Тимур Бектұр, IT-аналитик, ата-ана: 

Өткен жолғы қашықтан оқытуда қате көп болды

Тимур Бектұр. Фото жеке архивінен

Қашықтан оқыту кезінде жауапкершіліктің көбі оқушыға жүктелгенімен, оның оқуын қадағалау, бақылау, қашықтан оқуға арналған құралдарын дайындап беру ата-анаға артылады. Солай бола тұра негізгі міндет мұғалімде қалады. Ол міндет – оффлайн оқу мен қашықтан оқудың айырмасын жете түсіну. Мұғалім контентке баса мән беруі керек. Оны әзірлеу мен балаға жеткізу бар да, түсіндіру мен оқушыға сіңдіру бар. Өткен жолғы қашықтан оқыту кезінде Білім және ғылым министрлігінің телерадио сабағынан бөлек, әр мұғалімнің жеке контент дайындағанын байқамадым.

Оған қоса, министрлік тарапынан ата-анаға, мұғалімге және оқушыға арналған жеке-жеке үш түрлі әдістеме жасалуы қажет еді. Сол жасалмады. Ол әдістемеде мектептің қашықтан оқытуды қалай өткізетіні, қандай құралдар қолданатыны, сабақ тікелей эфирде жүргенде қалай болатыны және тағы басқаға қатысты түсіндірме болуы қажет еді. Өзімнің де мектепке баратын балаларым бар. Мұғалімдер орындаған тапсырманы біресе WhatsApp-қа жібергенімізді қалайды, біресе e-mail-ге жолдауымызды сұрайды, Kundelik.kz платформасына салыңыз, болмаса Google drive-қа жүктеңіз деп әрқайсы жан-жаққа шабады. Жүйе, бірізділік болса, ата-ана мен мектеп арасында түсінбестік тумас еді.

Жарайды, ол кезде қашықтан оқытуға дайын болмадық делік. Өйткені пандемия болатынын білмедік. Ал қазір 1 қыркүйектен бастап қашықтан оқитынымызды білеміз, бірақ 3 ай жазда “біздің класс мына құралды пайдаланатын болды, қашықтан оқуға қазірден былай дайындалайық” деген мұғалім болды ма?

Өкіншіке қарай, мұғалімдердің оффлайн мен қашықтан оқыту әдістерін бірдей санайтынын байқаймын. 40 минут сабағын берді, әрі қарай баланың тақырыпты түсінген-түсінбегенімен ісі аз. Тура осы әдісті қашықтан оқытуға да салды.

Бір күні ауыл жаққа барып, мұғалімдерге қашықтан оқытуға қандайда бір көмегім керек болса, пайдамды тигізейін дедім. Бірақ ол кісілер сабақты WhatsApp желісі арқылы өткізетінін айтты. “Сабақты олай өту жүйесіз ғой” дегенімде, “бәрі соған үйреніп алды” деп бір қайырды. Айтайын дегенім, қашықтан оқыту деген мессенджермен тапсырма жіберіп, орындалған тапсырманы қайта алу емес.

Ендігі қашықтан оқыту кезіне министрліктің бекітіп берген құралдары бар шығар. Дегенмен мұғалім өзіне де, оқушыға да ыңғайлы құралдарды пайдаланғаны жөн. Мысалы, Google Classroom-ды қолдана алады, Google drive өнімдері жақсы, тиімді болса Zoom, ол ұнамаса, Microsoft Teams деген видеоконференцияға арналған тамаша құрал бар. Оған Google Meet-ті қосыңыз. Бірақ қай құралды қолданатынын мектеп бекітуі керек. Бір мектепте бір отбасының бірнеше баласы оқиды десек, оларға әртүрлі құралды пайдалану тиімсіз болар еді. Сосын ол құралды жарты жолда мұғалім ауыстырып жібереді. Әрине, бұл – академиялық еркіндік, десек те, қашықтан оқитын, аралас оқуға арналған құрал бекітіліп, соның аясынан шықпаса, жүйе орнар еді. Сонда сабақты бала да түсінеді, ата-ана мен мұғалім де түсініседі.

* * *

Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.