Балетке неге тыйым салынды?

Әлем елдеріндегі балет

Балет — ойды қозғалыс, дене қимылы арқылы көрсететін би өнері. Алғашында Италияның той-думандарында пайда болған бидің бұл түрі Еуропа елдеріне жылдам тарады. ХХ ғасырда бұл өнер Шығыс елдеріне де жетті. Алайда, мұсылман мемлекеттері балетті харам санап, жақсы қабылдамады. Мұның себебі де жоқ емес. «Балет өнері Ислам дінінің қағидаларына қайшы келеді, ню стиліндегі өнерді, яғни жалаңаш адамдар бейнесін насихаттайды. Балет билейтіндердің көпшілігі қыз балалар. Ал балет қыздардың денсаулығына зиян» деген пікірлер жиі айтылады.  Көптеген халықтардың менталитетінде ер адамның бимен шұғылданғаны жат саналады. Пачка деп аталатын балетмейстерлерге арналған киім адамның мүсіні бойынша лайықтап тігіледі және адам терісімен түстес болады. Бұл да балетке тыйым салуға себепші болған.

Балет денсаулыққа зиян ба?

Балет — қауіпті, қиын өнер. Онымен айналысатындар жиі жарақат алып жатады. Соның кесірінен өмірлік өнерінен бас тартқандар да аз емес. Халық арасында «қыздарға балетпен айналысуға болмайды» деген сөз бар. Осы сауалды арнайы маманға қойып көрдік.

Дәрігер-гинеколог Бағдат Абдильмажитова: Балеттің де, көркем гимнастиканың да, спорттың да қыздың денсаулығына еш зияны жоқ. Жас қыздардың көпшілігін «балетпен айналысқаннан қыздығым жойылып кетпейді ме?» деген сұрақтар алаңдатады екен. Бұл – қате түсінік. Қандай спорт түрімен, қандай бимен айналысса да, әрине, қауіпсіздік шараларын сақтап жүрген жөн. Бірақ, қыз баласына балеттің зияны жоқ деп толық негізде айта аламын.

Балетті тек жастар билейді

Балеттің тағы бір кемшілігі — өмірлік кәсіп емес. Балет әртістерінің жасы шектеулі. Сондықтан, осы салада жүрген жандар орта жастан асқан соң жұмыссыз қалады. Кеңес заманы кезінде балет әртістері 38 жаста зейнетке шығатын. Зейнетке шықса да, сахнада билеп жүретіндері болған. Ал әлем сахналарында 40 жастан асқан балет әртістері бар. Балет — сұлулықты талап ететін өнер болғандықтан, ондағы бишінің физикалық жай-күйі аса маңызды. Сондықтан, қазір жылдан-жылға балет театрларының труппасы жасарып келеді.

Өзге елдің топырағында туған балет өнері қазақ халқының дүниетанымына сәйкес келмейді деп жатады. Десе де, 1938 жылы «Қалқаман − Мамыр» туындысымен тұсауы кесілген қазақ балеті талайларды тәнті етті. Бүгінде қазақ балеті Еуразиялық кеңістіктегі балет өнерінің көшбасшысы екендігін дәлелдеді.

Бізге балет керек пе?

Біз қазақстандықтардың балет өнеріне деген көзқарасын анықтау үшін Вконтакте әлеуметтік желісінде «Балетке тыйым салу керек пе?» тақырыбында сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесі төмендегідей болды.