Түркістан облысында құрамында адам денсаулығына қажет дәрумендер мол жеміс-жидек пен көкөніс көптеп өсірілетіні бұрыннан мәлім. Мамандар иммун жүйесін нығайту үшін витаминдер мен микроэлементтерді  осы табиғи өнімдерден алуға кеңес береді.

Бүгінде дәруменге бай көптеген жеміс-жидек, көкөніс Түркістан облысынан өзге өңірлерге жіберіледі. Халықтың иммунитетін көтеретін өнімнің өсіміне облыстық  ауылшаруашылық саласы мамандары ерекше көңіл бөліп отыр.

Осы қажеттілікті ескерген «Елнұр-Айдар»  өндіріс кооперативі  1000 түп анар, 6000 түп алма, 707 көшет лимон өсіріп отыр. Былтыр бір жылдық көшеттің өзінен 4 тоннаға жуық өнім алған. Биыл лимонның өзінен 20 тонна өнім алуды жоспарлайды. Кооперативте жеті адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

тал, бақша
Фото автордан

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, өңірде өндірілетін бақша өнімі облыс халқының қажет­тілігінен 34,4 есе, ел халқының қа­жет­­тілігінен 3,2 есе артық өндіріледі. Сон­дықтан бақша өнімі Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан ке­йін­гі екінші өнім болып отыр. Өндірілген өнімнің 53%-і (433,1 мың тонна) экспортқа, 47%-і (388,3 мың тонна) ішкі нарыққа сатылды. Бақша еккен 7529 агроқұрылым пісу мерзіміне қарай бір гектардан орташа алғашқы кезеңде 2 миллион теңгеге дейін, қазір 600 мың теңге төңірегінде табыс алып отыр. Ал көкөністен 1080,1 мың тонна өнім алу жоспарланып, 642,2 мың тоннасы жиналған. Оның ішінде пияз, сәбіз, қызанақ, қияр еккен 10276 шаруа қожалығы бір гектардан орташа 1,5 – 2 млн теңге табыс тауып отыр.

Биылғы көктемде, әсіресе қырыққабат еккен диқандар бірқатар қиындыққа тап болғаны мәлім. Қырыққабат дақылы 8 мың гектарға егіліп, одан 300 мың тонна өнім жиналды. Алайда әлемдік пандемия таралуының алғашқы кезеңінде өнім өткізу нарықтарын айқындауда қиындықтар туындады. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, экспорттық шектеулерді жою, өңірлер арасында байланыс орнату, облыс, қала әкімдіктерімен өнімдерді өткізу жөнінде меморандум жасау нәтижесінде 187 мың тонна (62%) өнім ішкі нарыққа, 73 мың тонна (24%) Ресейге экспортқа жөнелтіліп, 40 мың тонна (14%) агроқұрылымдар тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Өкінішке қарай, қырыққабат сұрыптарын өндірудің орташа өзіндік құны бір келі үшін 50 теңге болса, нарықта 15-20 теңгеден сатылды. Осыған орай, шығынға ұшыраған тауар өндірушілердің екінші өнімін егуін қолдау үшін, Үкімет резервінен жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01%-і процентпен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда агроқұрылымдардан өтінім қабылдау бас­талды, — дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Ордабасы ауданында бау көлемі қарқынды артып келеді. Қазіргі таңда аймақта бау көлемі 400 гектарға жуықтаған. Қажымұқан ауыл округіндегі KazGarden ЖШС-і жалпы құны 2 миллиард теңгеге 240 гектарға бау егуді қолға алған. Бүгінде 60 гектарға еккен, оның 11 гектары — қарқынды алма бауы, 49 гектары — сүйекті жеміс-жидек. Онда төрт адам тұрақты, 55 адам маусымдық жұмыспен қамтылып отыр.

Аграрлы өңірде егін және мал шаруашылығы да дамыған. Мысалы, Бөржар ауылындағы «Сабыр» шаруа қожалығы ірі қара мал мен асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Қожалықта қазіргі таңда 8383 бас уақ мал бар, 22 жергілікті тұрғын жұмыс істейді.