Қызылорда облысында жылу жүйелері кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр

Қызылордада 14 шақырым болатын жылу жүйесі жаңғыртылып, жөндеу жұмыстарының 60%-і орындалды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындарға қажет 25 мың тонна көмір отыны жеткізілген. Қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісімшарт жасау басталған.

Жылыту жүйесін толыққанды іске қосу үшін отын қорын анықтау қажеттілігі туындайды. Алдағы жылу беру маусымында облыс бойынша 1185 әлеуметтік сала нысандарына 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет.

Айта кету керек, аймақта орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1913 нысан бар. Оның 778-і — көпқабатты тұрғын үйлер, 104-і — білім нысаны, 30-ы — денсаулық нысаны, 35-і — мәдениет нысаны және шаруашылық субъектілері.