Мектептерде экология тақырыбында сынып сағаттары өтеді

Министрдің айтуынша, Көбейтұз көлінің ластануына және Каспий теңізіндегі итбалықтарды ұруға байланысты қоғамда резонанс туғызған оқиғалар экология мәдениеті мен тәрбиесінің маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Экобілім түп негізден басталуы керек. Сондықтан жаңа оқу жылында барлық мектепте экология тақырыбы бойынша арнайы сынып сағаттары өткізіледі. Қазір педагогтарымыз бен сарапшылар барлық класқа арналған бағдарламаларды даярлау жұмыстарын пысықтап жатыр. Бұдан қоса экологияға қатысты тақырыптарды мектепте оқытылатын пәндер мазмұнына енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Арнайы пән мәселесі бойынша да әдістеме жұмысы жүргізіліп жатыр, — деп жазды ол.

Асхат Аймағамбетов экология тақырыбын үйірме, клуб, оқушылар сарайы жұмысы арқылы да жандандыруға болатынын айтты.

«Дарын» орталығы базасында экология бағыты бойынша ғылыми жобалар конкурсы өтеді. Экоквестерді, шеберлік сағаттарын, театр қойылымдарын дайындау, қайта өңделетін шикізатты пайдалана отырып, экоматериалдан бұйымдар дайындау және тағы басқа жұмыстар ұйымдастырылады. Онда балалардың жас ерекшелігі ескеріліп, шағын зерттеу жұмыстарынан бастап ғылыми жобаларға дейін ұласады. Қосымша білім беру бағытының ролі де ерекше. Үйірмелер, клубтар, Балалар сарайларыңың жұмысы арқылы да осы жұмысты жандандырамыз, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева экобілім мен мәдениет әуелі мектептен бастау керек екенін айтты.