Нұрсұлтан Назарбаев: Ішкі тұрақтылықты сақтауымыз керек

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Асқар Маминмен кездесті.

Elbasy.kz сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстан кейін отандық бизнесті жандандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту қажет екенін айтты.

Қазіргі уақытта сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пандемияның екінші толқыны келетінін болжап отыр. Мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп, осы жағдайға арнаулы бағдарлама әзірлеуі керек. Жаңа тәсілдер мен тиісті шаралар қажет, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес аясындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары мәселесі туралы да айтты.

Қауіпті дертті жұқтырып алмау адамның өзіне және тәртібіне байланысты екенін түсіндірген мемлекеттер ұтылған жоқ. Кейбір елдерде карантин шаралары қабылданбады, өйткені адамдар сақтық шараларын сақтап, мамандардың талабын орындады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президенттің айтуынша, басты міндет — дағдарысқа қарамай, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ішкі тұрақтылықты сақтауымыз керек. Қоғам тұтастығы мен саяси тұрақтылық — біздің алға жылжуымыздың негізі екенін жұртшылық естен шығармағаны жөн. Бұл сынақтан да аман өтетінімізге сенімдімін. Мемлекет қайтадан қаржы жинайды. Бұл қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін, сонымен бірге «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасының орындалуына пайдаланылады, — деді ол.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тапсырма берді.

Жұрт жұмысқа шығып, ақша табуы үшін Үкімет жұмыс орындарын көбейтуге тырысуы керек. Бізде үлкен тәжірибе, қаражат, мүмкіндік бар. Осының бәрінен сүрінбей өтеміз, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.