Қызылорда облысында жол картасы аясында 452 жұмыс орны сақталады

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, қазір облыста 276 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Жобаларды тиімді іске асыру үшін 36,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, халық үшін өзекті нысандар жөнделіп жатыр. Бағдарлама төрт ірі бағыттағы салаларда қарқын алды. Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеуге 12,3 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде, білім беру саласында 52 нысан, денсаулық сақтау бағытында 30 нысан, мәдениет саласында 22 нысан, спорт бағытында 21 ғимарат жөндеуден өтеді.

Инженерлік-көліктік инфрақұрылым бағытындағы жөндеу жұмыстарына 14,5 миллиард теңге бөлініп, 62 жоба іске асады. Елдімекендерді аббаттандыру ісі де жанданады. Бұл бағытта 47 жоба қолға алынған.

Ауқымды бағдарлама негізінде тұрғын үй-коммуналдық нысандар да қайта жөндеуден өтіп жатыр. Айталық, 42 жобаның орындалуына 7,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жұмыссыз жүрген 1 127 адам жұмысқа орналасты.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы қаржы алып, жұмыс істейтін мердігерлерге құрылыс обьектілеріне жергілікті жердің жұмыссыз азаматтарын тарту міндеттелген. Әр мердігер жұмысшыларға ең кемінде ең төменгі айлық мөлшерінен екі есе жоғары жалақы беруі тиіс. Бұл карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтардың табысын жоғалтпауына ерекше мүмкіндік беріп отыр.