Жабайы жолбарыс көбейіп жатыр

2010 жылы іске қосылған TX2 жобасының арқасында Бутан, Қытай, Үндістан, Непал және Ресейде жолбарыс популяциясы артып келеді деп хабарлайды New Science.

Он жыл бұрын бұл жануардың жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғаны, 13 мемлекетте бар болғаны 3200 жолбарыс бар екені анықталған болатын.

Суматран жолбарысы
Суматран жолбарысы. flickr.com

Қазіргі есеп, Непалдағы жолбарыс саны екі есе артып, 121-ден 235-ке жеткен.

Ресейде Амур жолбарысының популяциясы 15%-ке өсіпті, қазір Сібір ормандарында 540 хайуан тіршілік етеді. Бутандағы 10 жолбарыс көбейіп, 22 болған.

Әлемдегі барлық жолбарыстың төрттен үші өмір сүретін Үндістанда 2600-3350 хайуан бар екен (нақты саны белгісіз).

TX2 жобасы 2022 жылға қарай жолбарыс санын екі есе арттыруды мақсат етеді.

Жағымсыз естелікті жоюға болады

Итальян нейрофизиологтары 100 еріктіге тәжірибе жүргізіп, алдымен адамға ұнамайтын жағдай тудырған, артынша бұл туралы жағымсыз естеліктерді мидан жойып жіберген. Бұл туралы Current Biology ғылыми журналы жазады.

Ғалымдардың айтуынша, сынақтан өткен технология психикаға қатысты түрлі ауытқуларды емдеуге көмектеседі екен.

«Естеліктің мида қанша уақыт сақталатынын өзгерте алады екенбіз. Бұл реабилитация және клиника медицинасы тұрғысынан үлкен маңызға ие», — дейді зерттеу авторларының бірі, Болон университетінің профессоры Джузеппе ди Пеллегрино.

Ғылымда «жадының реконсолидациясы» деген түсінік бар. Бұл – түрлі оқиға жайлы естеліктерді мидың ара-тұра «ойнатып», еске салып тұру процессі.

«Әлдебір естелік ойға оралған кезде оны өзгертуге мүмкіндік беретін сәт туады. Біз осыны пайдаланып, сынаққа қатысқан адамдардың миындағы жағымсыз естелікті жоя алдық», — дейді Пеллегриноның әріптесі Симоне Батталья.

Үлкен жарылысқа дейін не болды?

Physical Review Letters журналының хабарлауынша, Пенсильвания штаты университетінің ғалымдары Үлкен жарылыс (Big Bang) теориясы жеткізе алмайтын оқиғалардың табиғатын түсіндіретін Үлкен серпіліс гипотезасының растығын дәлелдепті. Бұл гипотеза біздің ғалам өзіне дейінгі әлдебір басқа, бұрынғы әлемнің орнында пайда болғанын айтады.

Көпке белгілі Үлкен жарылыс теориясы бойынша әу басты ғалам сингуляр болған, яғни бүкіл материя мен энергия бір нүктеде шоғырланған. Сосын бір секунд ішінде (бұл процесті инфляция деп атайды) жарылыс болып, ғарыш кеңейіп кеткен (әлі кеңейіп барады). Алайда Үлкен жарылыс өзіне дейін не болғанын түсіндіре алмайды.

Үлкен жарылыс
Үлкен жарылыс. Көрнекі сурет. Smithsonian Mag

Ал Үлкен серпіліс гипотезасына сәйкес, жарылыстан бұрын бізге дейін болған ғалам кішірейіп, бір нүкте «жиналып» қалған. Пенсильвания штаты университеті ғалымдары квант механикасы мен салыстырмалы теорияны қамтитын әмбебап математика аппаратын жасап, сынақ жүргізіп көріпті.

Ғалымдардың айтуынша, Үлкен серпіліс осы уақытқа дейін ғылым түсіндіре алмай келген ғалам аномалияларының себебін айтып бере алады. Соның бірі, мәселен, Үлкен Жарылыстан кейін тарап кеткен реликт сәулесінің біртекті болмауы.

«Бұл құбылысқа «бұрынғы» ғаламда болған квант ауытқулары себепші. Жарылыстан кейін қазіргі ғалам кеңейе бастағанда бұл ауытқулар созылып, біртекті кеңістік қалыптастырған жоқ» делінген құжатта.

100 миллион жылдан кейін «оянған» микроб

Жапония мен АҚШ ғалымдарынан тұратын команда Тынық мұхиттың табанында 100 миллион жыл бойы тапжылмай жатқан микробтарды тірілтті.

Жел мен ағыстың кесірінен мұхиттың бұл аймағы құнарлы заттарға кедей болып саналады. Органика аз. Басқаша айтқанда, су астындағы құлазыған «шөл». Алайда ғалымдар осындай қиын ортаның өзінде, топырақтың астында миллиондаған жыл бойы жоғалып кетпей, аз ғана оттегін үнемдеп пайдаланып отырған тіршілік иелері бар болып шықты.

Ғалымдар 6 шақырым тереңде жатқан мұхит табанын тағы 75-100 метрдей қазып, микробтарды тапқан.

«Басында күмәнмен қарадым. Бірақ 101,5 млн жыл бұрын пайда болған жер қыртысындағы микробтың  99,1%-тін тірілтіп, «тамақтандыра» алдық», — дейді Жапон теңіз геология ғылымы және технологиясы агенттігінің микробиологы Юки Мороно.

Өз-өзін емдеп алатын «бұлшық ет»

Phys.org хабарлауынша, ғалымдар аса берік биосинтетикалық ақуыз (полимер) ойлап тауыпты. Ол жыртылып, зақымданса, өз-өзін қалпына келтіре алады. Табиғатта мұндай қасиет кальмарда кездеседі.

Зертеушілердің айтуынша, мұндай дүниені робот құрылысында, сондай-ақ қорғаныс костюмін әзірлеуде пайдалануға болады.

«Әдетте 24 сағат бойы бітіп, жазылуды қажет ететін зақымды 1 секундта қалпына келтіре алдық. Табиғатта мұндай процесс (мәселенің, адамның терісі) көп уақытты алады», — дейді Макс Планк атындағы Интеллектуал жүйелер институтының қызметкері Абдон Пена-Франсельш.

Полимерді ортасынан бөліп тастасаң, 100% қалпына келеді. Сондай-ақ ол экология тұрғысынан да зиянсыз: толық шіріп, сіңіп кетеді.