Қазақ жерінде арыстан болған ба? (Видео)

Мұхаммед Шайбани хан 1500 жылдары билік құрғанын ескерсек, сол кезеңде Тұран даласында арыстан болуы мүмкін бе? Африкада ғана өмір сүретін арыстан қазақ даласында неғып қаңғып жүр? Фильм авторлары мұндай ағаттыққа қалай жол берген? Тарихи кинотуынды болған соң, режиссер қиялға емес, шындыққа сүйенуі керек емес пе? Арыстанға бергісіз Тұран жолбарысы қазақ даласында ХХ ғасырдың бел ортасына дейін өмір сүргені, соңғы жолбарыс 1957 жылы Балқаш маңында өлтірілгені белгілі. Ендеше, елде жоқ қайдағы арыстанның орнына кинода Тұран жолбарысын көрсетпей ме?!

Кез келген көрерменнің осылай ойлары анық. Бірақ… Тұран даласында бір заманда Азия арыстаны өмір сүргенін көпшілік біле бермейді-ау. Азия арыстанын кейде парсы, кейде үнді арыстаны деп те атайды. Африкалық туыстарына қарағанда азиялық арыстанның тұрқы кішілеу және салмағы жеңілдеу, қызғылт-қоңыр түсті болып келеді.

Ең басты ерекшелігі – африкалық еркек арыстанның бұрқырап тұратын жалбыраған қою жалы дәу басын одан сайын зорайтып тұрса, азиялық еркек арыстанның жалы сұйық, жатаған, тапбір тарақпен тарап жатқызғандай.

Сондықтан алыстан қарағанда ол жалсыз жолбарысқа да ұқсап кетеді. Еркегінің салмағы 160-190 келі болса, ұрғашысы 110-120 келі мөлшерінде. Кеудесі мен төс арқасын жапқан жалы қара түсті, құйрығының ұшы да қара болып келеді. Табиғи жағдайда өз тұқымдастары секілді бұлар да үйірімен жүреді.

Аңызға сүйенсек, соңғы азиялық арыстанды Х ғасырда Дон бойында князь Игорь өлтірген делінеді. Ал Еуропаның соңғы арыстанын Киев князі Владимир Мономахтың өлтіргені жөнінде Киевтегі София соборында фреска, сондай-ақ осы тақырыпта салынған картина да бар. Закавказьеде Х ғасырға дейін ширваншахтар арыстан аулаған. Арыстан аулау ақсүйек аңшылық түріне жатқызылған әрі өте қауіпті саналған. Арыстандар бұл өлкеде сол Х ғасырда құрып бітті делінеді. Ал XVII ғасырдың ортасында Грузияның батысында арыстан мен жолбарыстың қатар өмір сүргені жайлы Верещагиннің деректері ғылымда қателік саналады.

Тұран жолбарысы өткен ғасырдың ортасына дейін өмір сүрсе, азиялық арыстан 1907 жылы құрып бітуге таяған делінеді. Ең соңғы азиялық арыстанның 1942 жылы Иранда өлтірілгені жөнінде дерек бар. Палестина, Түркияда ХІХ асырға дейін аман жетсе, Иракта ХХ ғасыр басында кездескен делінеді.

АҚШ Президенті Теодор Рузвельт (1858-1919) арыстан аулауға байланысты аңшылықты «спорттың ішіндегі королдік өнер» деп есептепті. Арыстан қашан да, қай елде болсын аң патшасы аталады. Бірақ та атақты аңшы Джон Хантер оның патша екенін мойындамапты. Оған сенуге болады: Өз өмірінде Хантер 1500 арыстанды өлтірген! 1910 жылы жабайы табиғатта азиялық арыстанның 13 басы ғана қалған екен. Арыстандарды ағылшындардың боданы болған Үндістанда отаршылдар аяусыз аңшылық жасап, неше түрлі отты қарулармен атып құртқан.

Содан ғалымдар дабыл қағып, қорғауға алынған. Ал бүгінде Үндістанның батысында орналасқан Гуджарат штатындағы мемлекеттік ерекше қорғаудағы ұлттық хайуанбақта азиялық арыстанның 300-ге жуық басы сақталып отырған көрінеді. Шет елдер тұрмақ, елдің өз ішіндегі басқа ешбір хайуанбаққа да олардың бірде-бірі берілмейді. Заң солай.

Бұдан 13 мың жыл бұрын қазіргі Еуразия даласында қазіргі арыстаннан төрт есе үлкен қылыш тісті арыстандардың өмір сүргенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Бұл алып арыстандар сол 13 мың жыл бұрын құрып біткен.

Неміс палеонтологы Гольдфус 1810 жылы Рейн жағалауындағы үңгірден табылған арыстанның бас сүйегіне ұқсайтын мысық тұқымдас ірі жыртқыштың бас сүйегіне қарап «үңгір арыстаны» деп атаған. Кейінірек мұндай бас сүйектер Сібірден, Оралдан, Қырым мен Кавказдан табылған. Ыстық жерде өмір сүретін арыстанның бас сүйегінің қаһарлы аязы шатынаған Сібірден табылуы фантастика ретінде мамандардың күдігін тудырған. Енді ше, біз арыстанды тек қана Африка мен Үндістанның ыстығы қайнаған саванналары мен джунглилерінде өмір сүреді деп келдік қой.

Біраз ғасырлар бұрын азиялық арыстанның аса үлкен аумақты мекендегені ғылымда белгілі. Үндістанның солтүстік-шығыс аудандарынан бастап қазіргі Италия мен Иран жерін, Араб түбегін, Африканың солтүстігі мен Грецияны жайлаған. Рим амфитеатрының ареналарында гладиаторлар дәл осы азиялық арыстандармен жекпе-жекке шыққан.

Осылайша ежелгі римдіктер мен гректер Африкадан үйір-үйір арыстандарды Кіші Азияға цирк ойындарына және ұрысқа салу үшін алып келген. Одан арыстандардың Еуропаға таралғаны түсінікті. Бірақ та олар суығы сұмдық үскірік Сібірде қайдан жүр?

Сібірлік палеонтолог И.Д.Черский үңгір арыстанының қорқынышты бас сүйегін зерттей келіп, оның жолбарысқа көбірек ұқсайтынын анықтап, түп-тегі жолбарыстан тараған деп санаған.

Жолбарыстың басқаша бір түрі болсын, әйтеуір арыстанға ұқсаған айбарлы аңның қазақ жерінде өмір сүргені анық. Даламызда Арыстан Баб, Арыстан баба кесенелері бар. Арыстан деген кісі есімдері жетіп артылады.«Арыстан еді-ау, Исатай! Бұл фәнидің жүзінде, Арыстан одан кім өткен?!» дейді Махамбет ақын. «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?» дейді Мағжан ақын. Арыстан ежелгі қазақ жерінде болмаса, ақындардың өлеңінде аты жүрер ме еді?

Азияның ақсақ барысы атанған Әмір Темір Көреген Үндістаннан Самарқандқа алып пілдермен қоса азиялық арыстандарды да алып келген деген дерек бар…

Англия, Бельгия, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Финляндияның гербтерінде алтын арыстан, Испания мен Люксембургтің гербтерінде қызыл арыстан, Болгария мен Чехияның гербтерінде ақ арыстан бейнеленген. Шотландия, Дания, Эстония елдерінің гербтерінде де арыстан таңбаланған.

Аң патшасы Арыстан – құдайлық күн энергиясының символы, оттың күшін, шексіз билік пен құдіреттің, әскери күш пен батырлықтың, жігерлілік пен мықты қорғаныстың, сондай-ақ қаталдықтың бейнесі.

Ежелгі египеттіктердің аңыздарында әйел басты арыстан күн құдайының қуатты күшін бейнелейді. Мысырдағы адам басты арыстан – Сфинкс құдіретті перғауындардың мәңгілік тыныштығын күзетіп тұрғаны белгілі.

Аңыз-ертегілердегі батыр-балуандардың арыстанмен алысуы өз алдына бөлек әңгіме. Арыстанмен Гильгамеш, Самсон, Давид, Аспандияр және басқа да аңыз кейіпкерлері шайқасқан. Эврисфея патшаның бұйрығымен Геракл арыстанмен шайқасып, жалаңаш қолымен қылқындырып жеңеді.

Әлемдік діндерде де арыстан қасиетті саналады. Мәселен, будда дінінде арыстан даналықты, тәртіпті, сенімділікті бейнелесе, Будданың өзін кей-кейде «адамдардың арасындағы арыстан» деп атаған.

Ислам дінінде Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әліні және Пайғамбардың немере ағасы хазіреті Хамзаны «Алланың арыстаны» деп атаған.

Ал христиан дініне келсек, Римнің қандықол императорлары Нерон мен Диоклетианның өзіне жақпаған христиан әулиелерін аш арыстанға жем қылғанына байланысты болса керек, арыстан бейнесі азаптаудың, зардап шегушінің символына айналып кеткен.

Ренессанс дәуіріндегі өнерде арыстан – батырлық пен жауыздықтың атрибуты. Арыстан – жұлдызнамадағы 12 белгінің бірі. 28 шілде мен 20 тамыз арасында арыстан белгісінде туған адамдар, астрологтардың дәлелдеуінше, арыстандай өр кеуделі, от жүректі, күшті, турашыл, тәуекелшіл, еркін, қайратты болып келеді.

Азиялық арыстан азиялық көптеген елдердің мәдениетінде маңызды орын иеленген. Төрт тарапқа қараған төрт арыстанның мүсіні – Үндістан республика атанған 1960 жылғы 26 қаңтарда – сол елдің ұлттық эмблемасы болып жарияланған. Сондай-ақ арыстан Тибеттің туында да бейнеленген. Азия елдері ішінен арыстан бейнелі эмблеманы Шри-Ланка да пайдаланады.

Қала-мемлекет, арал-мемлекет Сингапурдың гербінде арыстан бар. Сингапур деген аттың өзі малай тілінің синга – «арыстан» және санскрит тіліндегі пура – «қала» деген сөздерінен құралған. Африка елдерінде де арыстан эмблемасын иеленген елдер бар.

Басына алтын тәж киген арыстан бейнесіндегі ескерткіштер патша сарайларын, хандардың тағын, құдіретті әміршілердің моласын «күзететін» болған. Қазір де ондай мүсіндерді небір салтанатты сарайлардың алдынан көруге болады. Арыстан бейнесіндегі фонтандар бүкіл әлемге тараған.

Өзбекстанның мәдени астанасы – Самарқанд қаласындағы Жалаңтөс батыр салдырған Регистан ансамблін құрайтын Шер-Дор медресесінің қабырғасында да күн көтерген арыстандар бейнеленген.

Арғы-бергіні көктей шолып шығып, қорыта келгенде айтарымыз, қазақ даласында бертінге дейін арыстан болған. Тұран жолбарысының өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғына дейін Балқаш, Шу бойында кездескені анық. Ал Түрікменстанмен көршілес Маңғыстау даласында күні бүгінге дейін ара-тұра қабылан көргендерін айтып жүрген кісілер бар…

Білгеннің артығы жоқ

Аңыздағы арыстан емес, өмірдегі шын арыстан қандай аң, оны да біле жүргеннің артықтығы жоқ. Билолог зерттеушілер бұл аңның өзіндік ерекшеліктерін төмендегіше сипаттайды:

Арыстан мысықтар секілді иісті «Якобсон трубкасы» арқылы қабылдайды. Яғни, кез келген иісті олар ауаны өзіне тартып, жоғарғы ерні мен мұрнын аспанға көтеру арқылы сезеді.

Арыстанның бет пішіні адамның саусақ ізіне ұқсайды. Өздеріңіз білетіндей, адамның саусақ іздері бір-біріне ұқсамайды, яғни сәйкес келмейді. Арыстанның жүзі де бір-біріне ұқсамайды.

Арыстанның тырнағының ұзындығы 7 см-ге дейін жетуі мүмкін. Әдетте үлкен арыстандарда 30 тіс болады. Сояудай тістері болғанымен олар онымен азығын шайнамайды. Олар тістері арқылы азығының бір бөлігін жұлып алып, ары қарай бүтіндей жұтады.

Арыстандар түнде адамдардан 6 есе жақсы көреді. Арыстан – ең кішкентай жүректің иесі. Яғни, аңдардың ішіндегі жүрегі ең кішкентай аң ол – арыстан.

Арыстан ақыратын болса оны 8 шақырым жерден естуге болады. Ал кішкентай арыстандар екі жасқа толмай мүлдем айбат шеге алмайтын көрінеді.

Егер де арыстанның тоқ екенін білсе, яғни тамаққа тәбеті болмай тұрғанын аңғарған кез келген жануар арыстанның жанында емін-еркін жүре береді. Ондай кезде өзінің өмірі үшін алаңдамайды.

Негізінде адам жейтін арыстандар дене бітімі жағынан күшті болып келеді. Бірақ, осы уақытқа дейін адамға немесе үй жануарларына көбінесе әлсіз, жаралы арыстандар ғана шабуылдайды деп келді. Себебі, ондай арыстандар зебра, елік секілді жабайы жүйрік жануарларды қуып жете алмайды.

Жаңадан туған абадандардың салмағы 1-2 келі ғана болады. Ал кейін өскенде олардың салмағы 220 келіге дейін жетеді. Олар туғаннан кейін 11-ші күні көзін ашады. 15-ші күні жүре бастайды. Кішкентай абадандардың терісінде қара дақтар болады. Бірақ, ол дақтар уақыт өте келе жойылады. Абадандарды өздерінің анасы немесе мүмкіндігі бар кез келген ұрғашы арыстан емшек сүтімен қоректендіре береді.

Ұрғашы арыстандар еркек арыстандарға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді. Әдетте олар 14-16 жыл жасайды. Ал еркек арыстандардың ішінде 16 жылға дейін өмір сүрген кәрі арыстандар болған. Ал хайуанбақта өмір сүретін арыстандардың өмірі 13 жылдан аспайды.

Арыстандар бір ай бойы сусыз өмір сүре алады. Жейтін азығының құрамындағы ылғал жетіп жатыр.

Арыстан ұйқыны өте қатты жақсы көретін аң. Тәулігіне 20 сағат ұйықтайды.

ДереккөзЗебра