Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге жеткенбіз. Дегенмен өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.
Ауру жұқтырған адамдар санын анықтаудың төмендігі — жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президент жұқпалы ауру жұқтырған азаматтарға арналған төсек-орындар көбейгенін айтты. Бірақ бұл көрсеткіш өзге медицина орталықтарын жапқан соң артып отыр. Соның салдарынан азаматтарға медицина көмегін беру төмендеп кеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар азаматтарға, сонымен бірге жүкті әйелдерге жоспарлы медицина көмегін беруді кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.
Президент ауыр дертке шалдыққан азаматтар саны көбейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шыққанын айтты.
Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынып жатыр. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл — ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондардағы оттегіні пайдалану деректері анықталған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қолжетімді емес екенін және оларға қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанын айтты.
Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2 300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сонымен бірге қажет дәрі-дәрмекпен, медицина құрылғыларымен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.
