Президент «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент отырыста мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер туралы айтты.

Кейінгі екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестиция ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін айтты. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек.

Қазақстан Президенті пандемия кезіндегі кез келген қате шешім, бюрократия кедергілері, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.

Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, соның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.

Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары, Ведомствоаралық комиссияның жетекшісі Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді.