Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордадағы бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралады

Қазіргі уақытта ауруханада 525 төсек орны бар, одан бөлек инфекция жұқтырған науқастарға арналған қосымша 30 төсек орын әзірленген.

Облыс аумағында коронавирус инфекциясымен ауырғандарды және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында эпидмаусым басында барлығы 760 төсек орын ашылған. Қазір эпидемиологиялық ахуалға байланысты 2410 төсек орнына дейін көбейтілді. Оның ішінде инфекция жұқтырғандарға арналған төсек саны — 620, провизор төсек орын саны — 1 790.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 64 өкпені жасанды желдеткіш аппараты жұмыс істеп тұр. Оның алтауы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында. Бірақ бұл жеткіліксіз. Осы орайда кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, қосымша 13 аппарат жеткізілген. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігіне 63 өкпені жасанды желдеткіш аппаратына өтінім берілді.

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар жуырда жергілікті кәсіпкерлер қосымша 32 оттегі концентраторын жеткізді. Оның 15 данасы аудандарға, 10 данасы облыстық жұқпалы аурулар және 7 қалалық ауруханаға жөнелтілді.

Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова мен Мұрат Бахтиярұлы «Зерде» дәріханасына барды. «Зерде» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылордада үш дәріханасы бар. Бұл дәріханаларға аптасына екі мәрте қажет дәрі-дәрмек жеткізіліп, толықтырылып отырады. Кеше дәріханалар желісіне халық көп іздеп жүрген «Эуффелин», «С» дәрумені, «Сумамед», «Ципролет», «В» дәрумендер кешені «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло» тағы басқа дәрілік заттар келіп түсті.

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Еске салайық, 8 шілдеден бастап Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен өзге де құзырлы органдардан, қоғам белсенділерінен құрылған мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. Олар осы күнге дейін сегіз емхана, 50-ден аса дәріхана мен СҚ «Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына мониторинг жүргізді.

Одан кейін өңір басшысы мен Сенат депутаты облыстық жұқпалы аурулар, қалалық ауруханаларының және №6 емхананың жұмыстарымен танысты. Науқастарға амбулаторлы жағдайда медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында бақылау үшін 6-шы емхана жанынан мобильді топ жұмыс істеп жатыр.

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс бойынша 125 мобильді топ бар. Оның 33-і қалада, 28-і аудан орталықтарында және 64-і елді мекендерде халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Мобильді топ құрамына бір дәрігер, бір орта буын қызметкері және бір жүргізуші кіреді.

Бұған қоса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен биылғы 13 шілдеден бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметі қосылды.