Қатаң карантин шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Вирустың тарауы бойынша жағдай күрделі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиология ахуалын тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз, — деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин Қазақстанның барлық азаматын карантин талаптарын қатаң сақтауға үндеді.

Бұл шараларды сақтау аса маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдар карантинді одан әрі сақтау үшін барлық шараны іске асырсын. Дәрі-дәрмектің қажет қоры бар әрі үнемі толықтырылып отырылады. Оларды дәріхана желілері мен стационарларға нақты бөлу бойынша барлық шараны қамтамасыз ету қажет, — деді ол.

Асқар Маминнің айтуынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбеюіне байланысты Атырау және Маңғыстау облыстарына дәрігерлер жіберілді.

Атырау облысына 102, Маңғыстау облысына 56 дәрігер жіберілді. Аталған әкімдіктер жіберілген мамандарға көмек берсін, — деді ол.

Айта кетейік, 13 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында карантин шілденің соңына дейін ұзаратыны туралы хабарлаған еді.