Депутаттың айтуынша, елдегі COVID-19-ға байланысты жағдай мәз емес. Сол себепті Үкімет карантин режимін қайта күшейтуге мәжбүр.
«Қатаңдату» деген сөздің өзі маған ұнамайды. Бірақ халықты коронавирус инфекциясынан аман алып қалу үшін бұл шараға жүгінуге тура келеді. Қазір елде болып жатқан жағдай — үлкен апат. Дүниежүзі елдерінің назары біздің мемлекетте, тіпті Ресей, АҚШ сияқты елдер өз көмегін ұсынып отыр. Сондықтан қазір Қазақстан дағдарыс кезінде екенін түсінуіміз қажет, — деді Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов.
Оның айтуынша, Үкімет халықты үйден шықпауға шақырып қана қоймай, мемлекеттің барлық ресурсын коронавирус инфекциясымен күресуге жұмылдыруы қажет.
Осыдан екі күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бұл — соғыс» деп айтты. Егер солай болса, онда соғыстың ережесі бойынша жүрген дұрыс. Елдің барлық ресурсын инфекциямен күреске жұмылдыру қажет. Карантинді қатайтып, адамдарды үйден шықпай отырғызу арқылы біз инфекцияны жеңе алмаймыз. Халықтың да мәселесін қарау керек. Адамдар үйінде ауырып жатыр, ауруханада орын жоқ. Оларға көмек беру керек. Халыққа дәрі-дәрмек, тұрақты бақылау қажет. Тіпті волонтерларды іске қосу керек шығар, — деді депутат.
Төменгі палата депутаты қазіргі атқарушы аппараттың жұмысына көңілі толмайтынын да айтты.
Бізде басқарушы органдағылар өте білікті. Өкінішке қарай, атқарушы аппарат әлсіз. Әсіресе, өңірлердегілер адамдармен тығыз байланыста болуы қажет. Халықтың жағдайы мүшкіл. Бәрі алаңдаулы. Оларға психология тұрғысынан қолдау көрсеткені жөн — деді Ахмет Мурадов.
Депутат кей журналистер мен блогерлердің коронавирус туралы жалған ақпарат таратып, халықты дүрліктірмеуін сұрады.
Жалған ақпарат тарату — қылмыс. Жағдайдың қиын екенін біліп тұрсаң, ол туралы жар сала айтудың орнына бұл мәселені қалай шешу керек екенін немесе көмектесуге болатынын ойластыр. Түбінде біз бұл мәселенің шешімін табатынымызға сенімдімін, — деді Ахмет Мурадов.