Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа купюра таныстырылды

ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н. Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы конференция еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейлі белесінің қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей көшбасшылығымен Қазақстан ғасырға бергісіз жолдан өтті. Жарқын жетістіктер мен толағай табыстардың 25 жылы – Елбасының көреген және сарабдал саясатының салтанаты», — деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторы екеніне және оған Ел бірлігінің теңдессіз үлгісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болғанына» тоқталды. Мемлекеттік хатшы конференцияға қатысушыларды кәсіби мерекесі — Ұлттық валюта күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының 1993 жылы төл теңгемізді енгізу туралы тарихи шешімінің көрегендігін атап өтті.

Іс-шара барысында ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және ескерткіш монетаны таныстырды. Сонымен бірге конференцияға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен экономистер қатысты.