Қасым-Жомарт Тоқаев ломбардтар жұмысын тексеруді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қаржы ұйымдары жұмысын ашық жүргізуі қажет. Сол себепті Президент ломбард және басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізуді тапсырды.

Ломбардтар мен басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізіп, саладағы жағдай туралы ақпарат беруді тапсырдым. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Тексерулердің қорытындысы негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, саланы реттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, — деді Президент.

Ұлттық банк
Фото: Akorda.kz

Президенттің айтуынша, экономика мен бизнеске белсенді несиелеу бойынша қолдау көрсету — Ұлттық банктің маңызды міндеті.

Кейінгі 3 жылда экономиканы несиелеудің өсімі аса байқалмады. Банктер жұмыс барысында барынша қолайлы және тиімді жағдай ұсынып, әрбір клиент үшін белсенді күреспейді. Сонымен бірге қазіргі жағдайда бизнеске қаржы ресурсы қажет және оны жылдам алуы керек. Сол себепті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, экономиканы, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банктің жаңа қонысындағы жұмысына табыс тіледі.