Басты бетҚоғамАлматы дәрігерлері...

Алматы дәрігерлері коронавирус жұқтырғандарды қалай емдеп жатыр?

Қанша науқас емделіп жатыр?

Бүгінге дейін Алматыда барлығы 3 429 адам коронавирус жұқтырды. Оның 2177-сі жазылып шықты, 20 адам қайтыс болды. Қазір ауруханада 1 388 адам емделіп жатыр. 20 науқастың жағдайы өте ауыр болса, 150 адам орташа ауыр халде. Ал 1 022 адамның жағдайы бірқалыпты. 194 адамның жағдайы қанағаттанарлық.

Жағдайы ауыр пациенттердің көбеюін талдағанда бұған пациенттердің қант диабетіне, күретамыр гипертензиясына және жүректің ишемия ауруына шалдығуы негізгі себеп деген қорытындыға келдік, — деді Камалжан Надыров.

Жағдайы ауыр пациеттердің 80%-і 60 жастан асқан адамдар. Ал вирусты жиі жұқтыратындардың жас аралығы — 20-29 жас. Бүгінде 10 пациентке өкпеге жасанды дем беру аппараты, 16 науқасқа ағзаға салынбайтын жасанды желдету аппараты жалғанды. Алматыда өкпеге жасанды дем беретін барлығы 573 аппарат бар. Қажет болған жағдайда тағы 107 аппаратты іске қосуға болады.

Алматыда жұқпалы аурулардың виртуал ауруханасы жасалған. Дәрігерлер коронавирус жұқтырғанына және басқа да себеппен үйінде оқшауланған адамдарды сол жерден бақылайды. Қазір 3 мыңға жуық адам бақылауда болса, оның 2365-інен коронавирустың симптомсыз формасы анықталған. Виртуал ауруханада 287 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Коронавирус инфекциясының ең қауіпті кезеңі — пневмония. Науқастың жағдайын білу үшін өкпені компьютер томографиясына түсіру керек. Қалада компьютер томографиясы қызметін 12 кәсіпорын көрсетеді. Бұл жөнінде емханалар мен мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдары арасында келісімшарт жасалған, бірақ дәрігердің нұсқауынсыз компьютер томографиясынан өтуге болмайды, — деді басқарма басшысы.

Ауруханаларда орын бар ма?

Басқарма басшысының айтуынша, қазір жұқпалы аурулар ауруханаларындағы орынның 95%-і бос емес. Осыған байланысты басқарма «Халық Арена» мұз сарайы базасынан 500, Алматы теміржол ауруханасынан 150, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтынан 150 орын қарастырып жатыр.

Жағдай қиындап кетсе, «Алматы Арена» алаңын да ашып, барлығы 3 700 орын дайындауға болады. Бәрі қаладағы эпидемиология жағдайына байланысты, — деді Камалжан Надыров.

Кейінгі кезде зертханалар жұмысына қатысты сын көп айтылды. Басқарма басшысы бұл жайтты түсіндірді.

Біраз зерттеу орталығы істен шығып қалды. Осы аптада жұмысты қалпына келтіреміз. Болат Өтемұратов қоры сыйлаған жылжымалы зертхана да іске қосылады, — деді ол.

Коронавирустың симптомсыз түрі анықталғандарға және басқа да кез келген науқас адамға бастапқы медицина-санитария көмегін беру қызметі, оның ішінде учаске дәрігері көмектеседі. Ол үшін кез келген адам өзінің тіркелген емханасына телефон соғуы керек. Пациентке диагностика қызметін тегін көрсетіледі.

Тұрғындар сыртқа көп шықпауы үшін медицина қызметін де барынша онлайн форматқа көшіріп жатырмыз. Қазір дәрігерлерден видео арқылы кеңес алуға болады. Пациентке онлайн көмек беру мүмкін болмаған жағдайда ғана ол емханаға барады, бірақ медицина орталықтарында адам тығыз болмауы керек. Аса қажет болмаса, ауруханаға бара бермеген жөн. Онда инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары, — деді басқарма басшысы.

Қалада дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

Пациентке көрсетілетін медицина көмегі мен дәрі-дәрмек тегін медицина көмегінің кепілдендірілген көлемі аясында беріледі. Камалжан Надыровтың айтуынша, қалада дәрі жеткілікті көлемде бар, тегін беріледі.

Әлеуметтік желілерде тұрғындар вирусқа қарсы дәрі аз, тіпті дәріханада жоқ екенін жазып жатыр. Бұл ретте не болып жатқанын түсінбейінше, маманмен кеңеспейінше, дәріханаға жүгіріп, дәрі сатып алмауға кеңес беремін. Белгілі бір дәрі-дәрмекті ішіп, вирустан қорғануға болады деген жалған ақпаратқа сенбеуді сұраймын, — деді Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.

Кез келген сұрақ бойынша Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының «3000 103» нөміріне хабарласуға немесе 8 777 888 8103 нөмірі бойынша WhatsApp-қа жазуға болады.