Қызылорда облысында кейінгі 7 күнде коронавирустың таралу өсімі 7%-тен асты. Өңірде карантин шектеулерін күшейту үшін облыстың бас санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова №15 қаулысын жариялады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингіде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
Меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс істеп тұрған және кезең-кезеңімен іске қосылған сала мен нысанда күшейтілген санитария-дезинфекция режимін және Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қолданыстағы қаулыларымен бекітілген санитария-эпидемиология, санитария-дезинфекция ережелер алгоритмдерін басшылыққа алып жұмыс атқарылады, — деді Наурызбай Байқадамов.
№15 қаулыға сәйкес облыста біршама карантин шектеуі енгізіліп, 17 маусымда сағат 0.00-ден бастап күшіне енді.
Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова мынадай шектеу енгізді:
- көпшілік іс-шаралар өткізуге;
- барлық ұжымдық жиын өткізуге;
- балабақшалардың кезекші тобын қоспағанда меншік нысанына қарамастан барлық балабақша жұмысына;
- жекелеген тұрғындардың құран бағыштауын қоспағанда мешіттерде жұма намазын өткізуге, діни үйлерде дәстүрлі шаралар өткізуге;
- шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету кезінде жұмысты қайта бастаған салалар мен объектілерді қоспағанда меншік нысанына қарамастан балаларға арналған барлық жазғы тынығу, сауықтыру және мектеп жанындағы күндізгі лагерьдің, тәуліктік пәтер мен үйді жалға беру және алу, үй-жайлардағы балалар ойын алаңы, кинотеатр, түнгі клуб, фуд-корд қызметіне және кальян пайдалануға;
- оқушылардың және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясына тыйым салынады.
Оған қоса, мекемелер мен жеке ұйымдарда, орталықтар мен адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда жұмыс уақыты шектелді:
1) білім беру орталықтарының, үйірмелердің, қосымша білім беру орталықтарының (репетитор, тіл) жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін;
2) компьютер және интернет клубтары, бильярд, боулинг орталықтары, букмекер және лото-, мотоконторлар жұмысы сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін;
3) жәрмеңкелердің, азық-түлікке жатпайтын тауарлар, киім-кешек базарлары мен сауда орындарының жұмыс уақыты сағат 08.00-ден 17.00-ге дейін;
4) онлайн форматта қызмет көрсету мүмкін болмаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін;
5) барлық меншік нысанындағы спорт объектілерінің (фитнес клубтар, тренажер залдары, спорт кешендері) жұмыс тәртібі сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін;
6) демалыс парктері жұмысы сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін;
7) облыс, аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктің жұмысына сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін;
8) такси қызметтері тек екі адамнан немесе бір ересек адам екі кәмелетке толмаған баланы алып жүру талабын сақтай отырып, жұмысын сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін;
9) келушілер саны бір мезетте 30 адамнан асырмау талабымен қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын 11.00-ден 22.00-ге дейін.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар (ұйымдар), ұлттық компаниялар, басқа да кеңселер қызметі мамандарының (штатта 30-дан астам қызметкер болғанда) кемінде 80%-ін қашықтан жұмыс істеуге қалдыру ұсынылды.
